Банк пен қаржы

Ірі бизнесті дамытуға арналған қор құрылады. Үкімет қолдауына нақты кімдер ие болады

Үкімет ірі бизнесті қолдау қорын құрады / фото: shutterstock

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, Қазақстанда ірі бизнесті қолдауға арналған қор құрылады. Бұл туралы шенеунік Үкімет сағатында мәлімдеді.

Қор нақты қай салаларға басымдық береді?

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл – ірі бизнес санының көбеюіне әсер етеді деп есептейді вице-премьер.

Бұған қоса, ұлттық экономика министрі нақты қандай ірі кәсіпорындарға басымдық берілетінін атап өтті:

«Металл өңдеу, мұнай-газ, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері, құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау салаларын, сондай-ақ IT-саласын, логистиканы, жүк тасымалдарын, туризмді, шағын және орта бизнесті дамыту үшін экоорта құрайтын зәкірлік және инфрақұрылымдық жобалар мен кластерлік-жобаларды қаржыландыруға баса назар аударылады», – деді Жұманғарин.

Ірі кәсіпорын құны қанша болуы керек?

Үкімет сағатында ірі бизнесті қолдау қоры туралы толығырақ «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин айтып берді.

«Холдинг жанынан құны 7 млрд теңгеден басталатын ірі бизнес жобаларына арналған арнайы кепілдік беру қоры құрылады. Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады», – деді холдинг басшысы.

Сонымен бірге Қарағойшин кепілдік қорының жұмыс істеу механизмін түсіндірді.

«Бастамашы жоба құнының кемінде 20%-ын құюы тиіс. өзінің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жоба құнының қалған 80%-ы ЕДБ және ҚДБ кредиті есебінен қаржыландырылатын болады», – деп түсіндірді холдинг басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын «Бәйтерек» Қытайдан юаньмен қарыз алған. Холдингтің ақпаратына қарағанда, мұндай мәміле бірінші мәрте жасалып отыр. 2024 жылы «Бәйтерек» холдингі 416 млрд теңге таза пайда тапқан