Жаңалықтар

30 мың кәсіпкерге қолдау: Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға 1,7 трлн теңге бөлді

Шағын бизнесті субсидиялауға 1,7 трлн теңге бөлінді / фото: shutterstock

Үкімет шағын және орта бизнесті қолдауды көздейтін несиеге кепіл болуды ұлғайтып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін арттырады.

Вице-премьер-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет сағатында осылай деп мәлімдеді.

Әзірге несие мөлшерлемесінің нақты қанша пайызы субсидияланатыны белгісіз, бірақ осы мақсатқа бюджеттен бөлінген қаражат көлемі мәлім болды.

«Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі», – дейді экономика министрі.

Шағын және орта бизнеске бюрократия кедергі жасамасын

Бұл ретте премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар «бюрократияға мүлде жол жоқ» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.

«Біз ұзақ келісу рәсімдері мен бюрократиялық кедергілердің кесірінен немесе мекемеаралық байланыс жоқтығынан болашағы зор бастамалар баяулап қалғанын көріп жүрміз.

Барлық мемлекеттік органдар «бюрократияға мүлде жол жоқ» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс», — деді премьер.

Оның айтуынша, Үкіметтің міндеті – жобаларды сөзбұйдаға салмай жылдам әрі тиімді қаржыландыру үшін жағдай жасау.

Үкімет сағатында ірі бизнесті дамытуға арналған қор құрылатыны айтылды. Үкімет қолдауына нақты кімдер ие болатыны мәлім.

Шағын кәсіпті қолдайтын қор құрылады

Бұл уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кепілдік қоры құрылатынын мәлімдеді.

«Несиеге кепілдік беру тетігінің рөлі өсті. Кәсіпкерлердің 607 млрд теңге несиесінің 5%-ына ДАМУ қоры кепіл болған. Енді шағын және орта бизнес кредиттеріне кепілдік қорын құру мәселесі қаралып жатыр», – дейді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, жаңадан құрылатын кепілдік қорының басты айырмашылығы  –  ол мемлекеттің ғана емес, банктердің жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылады.

«Қор 3,5 млрд теңгеге дейін алынған кредиттің 85%-на кепіл болады», – дейді Әбілқасымова.

Агенттік осындай қор құру үшін заңнамаға түзету әзірлеп, үкіметке ұсынды.