Lifestyle

Баламен саяхаттағанда керек болатын лайфхактар

Баламен саяхаттағанда керек болатын лайфхактар/Фото: shutterstock

Балаларды сапарға бірге ала шыққан өте қызық. Әсіресе, олардың таным көкжиегін кеңейтудің бірден-бір жолы десек болады. Дегенмен таразының екінші басында күйзеліс пен хаос тұрады. Жаңа әсер сыйлайтын жолға дайындықты неден бастау керек? Мұндай қиын челленжден оңай өтудің қандай амалдары бар? Пойызда не ұшақта баланың іші пыспауы үшін не істеуге болады? Kursiv.Media тілшісі жолда баламен алаңсыз жүруге көмектесетін лайфхактар ұсынады.

Жоспар барда алаң аз болады

Шынында жолға аяқ-асты шыққаннан гөрі жоспар құрып шыққан әлдеқайда жақсы. Сонда болып қалуы мүмкін форс-мажорларды азайтасыз. Егер бұған дейін бала-шағамен бірге жүріп үйреніп қалған болсаңыз, онда табан астында жиналып шыға кету оңай. Ал енді бірінші рет шыққалы жатқандарға баламен шығатынын ойлағанның өзі көңілге алаң ұялатады. Сол себепті баламен бірге жолға шықпас бұрын тәптіштеп жоспар құрып алғаныңыз абзал.

  • Билет алғанда уақытына мән беріңіз. Беймезгіл кезге тап болып қалмаңыз. Әрине, бағасы көңілден шығып тұрса, таң болса да ала бергіңіз келіп тұрады. Дегенмен жоспарлағанның пайдалы тұсы сол — неғұрлым ертерек жоспарласаңыз, нұсқа да көп болады. Ұйқыдан оянған, күндізгі кезге алғаныңыз дұрыс. Егер жол ұзақ, бала түнде жақсы ұйықтайтын болса, түнгі рейстер де қолайлы болады. Әркім өз баласының ұйқы режимін жақсы білетіндіктен, ыңғайыңызға қарай осы жағын ойластырыңыз. 
  • Тұратын жерді алдын-ала брондаңыз. «Барған соң бір реті болар» деп бей-жай қарамаңыз. Өйткені жолдан шаршаған бала сіз үй іздеп отырғанда мазаңызды алуы мүмкін. Тағы бір ескеретін жайт: балаларыңыз бөлек бөлмеде жатып үйренген болса, онда қонақүйде бөлек нөмір алыңыз. Пәтер жалдайтын болсаңыз да балаларға бөлек бөлме алған жақсырақ. Сонда өздеріңіз де алаңсыз демаласыздар.
  • Маршрут құрастырғанда тым күрделендіріп жібермеңіз. Бала бар кезде демалатын, тамақ ішетін, басқа да бір форс-мажорларға уақыт артығымен болуы керек. Бәрін көріп үлгеру үшін бір күнде көп жер көру деген жоспар құрмаңыз. Аз болса да сапалы болғаны жақсы.
  • Алып кететін заттардың тізімін жасап шығыңыз. Керек-жарақтың бәрін тізіп шығып, тізім бойынша біртіндеп сала беріңіз. Шабаданды шығардан бірнеше сағат бұрын қапылып жинамай, асықпай салған өзіңізге қолайлы. Киімдерді асты-үстімен бірге салсаңыз, көп заттың ішінен іздегенде оңай табасыз. Қазір саяхатқа арналған түрлі мобайл қолданба бар. Мысалы, қай елге бара жатқаныңызды таңдап, сол жерде керек болатын заттар тізімін list қылып дайындап беретін қолданбалар ыңғайлы. Сонда ештеңе ұмытып кетпейсіз. Салған затыңызды «салдым» деп белгілеп қоясыз.

Баланы немен «алдандыруға» болады?

  • Іші пыспас үшін жиынтықтар алып кетсеңіз болады. Ойыншықтар ғана емес, кітаптар, боямақтар, стикерлер де салып алыңыз. Бірнеше сағат қимылсыз отыру ешкімге оңай емес. Сондықтан баланы осылай алдандырған абзал.
  • Аудиоертегілер, мультфильмдер жазып алыңыз. Бояп не кітап оқып жалығып кеткенде, қоса қоясыз.
  • Балаға тапсырма беріп отырыңыз. Өзін ересек адамдай сезінуі үшін арагідік тапсырма беріп ойнатсаңыз болады. Мысалы, ұшақ ішіндегі жазуларды оқысын, белгілермен таныссын, уақытты қарап отырсын.
  • Сөмкесіне тосынсый салып қойыңыз. Өзі бұрын көрмеген ұсақ ойыншық па, әлде сүйікті тәттісін бе сала салыңыз.

Жолда балаға қандай тамақ алып шығу керек?

  • Жеңіл-желпі тамақ салып алсаңыз болады. Жеміс-жидек, жаңғақ, наггетс және т.б.
  • Контейнер мен бөтелке керек. Су ішетін, тамақ ішетін ыдыс жаныңызда жүргені абзал.
  • Жолға шығардан бұрын жаңа тамақ жемеген дұрыс. Бұрын-соңды жеп көрмеген тамақтан кейін аллергия не басқа да әсерлер болуы мүмкін. Асқазаны ауырмас үшін үйреншікті тамақ салып алыңыз.
  • Жақсылап қарнын тойдырып алыңыз. Аш баланың мазасы кеткіш келеді. Сондықтан мінбес бұрын тамақ беріңіз. Оған қоса бұған дейін айтқандай тіскебасар керек болады.

Сапар сәтті болсын десеңіз…

  • Баланың киімі ыңғайлы болсын. Тар болып қысып тұрса мазасызданады. Сондықтан табиғи материалдан тігілген киім жақсырақ. Бірдеңе төгіп алса не бүлдіріп алса ауыстыратын киімін жақын жерге салып қойыңыз.
  • Жамылғы ала шықсаңыз болады. Әсіресе, ұшақтың іші салқындау. Жамылғыны жалға алғыңыз келмесе, сөмкеңізді тым ауырлатпайтын болса өзіңізбен ала кетсеңіз артық болмайды. 
  • Аспанға көтерілгенде қысым өзгереді. Сондайда баланың жай-күйі тыныш болуы үшін бірдеңе шайнап отырғаны жақсы. Мұзтәтті не сағыз беріп қойыңыз. Су да жақсы көмектеседі.
  • Бала бір орнында отырмайтын болса, жолға шығардың алдында біраз таза ауада серуендеп алған жөн. Энергиясын сапарға дейін шығарып алса, жолды жақсы көтереді. 

Үй таңдағанда нені ескеру керек?

  • Жататын жер таңдағанда оның отбасылық демалысқа қолайлы болғаны жақсы. Яғни балалар төсегі, балалар ойнайтын алаң болғаны дұрыс.
  • Қауіпсіздік мәселесіне мән беріңіз. Балкон, терезе, үстелдің бұрыштары, розетканы тексеріп алыңыз. Балаларыңыз сөз түсінетін жаста болса, нұсқаулық ретінде таныстырып, түсіндіріп шығыңыз. Есік іштен кілттеніп қалса қалай ашуға болады дегендей тақырыптарда сөйлесіңіз.
  • Жақын маңда дүкен, саябақ болғаны абзал. Ақыры бала-шағамен жүрген соң сізге алаңқай, супермаркеттер алыс болмауы керек.

Баламен қыдырғанда есте ұстаңыз

  • Арқаға асып алатын сөмке жақсы. Қолыңыз бос болсын. Әйтпесе, бала жолда ұйықтап қалса, сөмкені ұстап жүрем деп қолыңыз талып қалады.
  • Эргорюкзак немесе арба ала шығыңыз. Балаңыз кішкентай болса, міндетті түрде алып шығуыңыз керек.
  • Бала емізетін, жөргегін ауыстыратын бөлмелерді пайдаланыңыз. Қазір көп жерде арнайы бөлмелер бар. Басы артық уайым қылмай, шаруаларыңызды baby room-да бітіріңіз.

Бала бұзық бола берсе…

  • Айтқандай, баламен саяхаттау оңай емес. Сондықтан жиі-жиі үзіліс жасап отырыңыздар. Бала шаршап қалмасын.
  • Бала режимінен ауытқымағаны абзал. Әйтпесе, мазасы кетеді.
  • Балаға бәрін түсіндіріп айтыңыз. Кейде біз баламызды әлі кішкентай деп санап, көп нәрсені түсінбейді деп ойлаймыз. Ал негізі балалар өте қағілез келеді. Қайда баратындарыңызды, не істейтіндеріңізді айтып беріңіз.
  • Бала болған соң шулайды, жүгіреді, жылайды. Айналаңыздағылардан қысылып, өзіңізді кінәлай бермеңіз. Кез келген жағдайда сабыр сақтауды үйреніңіз.

Еске сала кетейік, бұған дейін саяхатқа шыққанда ақшасыз қалмау үшін назарда ұстау керек ережелер туралы жазғанбыз.