46 кеншінің қазасы: Қарағанды соты «Костенко» ісін қарауға кірісті

Жарияланды
GENERAL NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
"Костенко" шахтасы
46 кеншінің қазасына қатысты сот басталды / фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында 46 кенші қаза тапқан жағдайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бас прокуратураның хабарлауынша, айыпталушылар қатарында 10 адам бар.

Істі Бас прокуратура тергеген. Сотқа тартылғандар арасында шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлері бар. Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі – тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды деген айып тағылған.

10 айыпталушы қамауда отыр, іс бойынша 74 жәбірленуші бар.

2025 жылдың 5 наурызында қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Қарағанды облысы Әлихан Бөкейхан ауданы сотының баспасөз қызметі KursivMedia тілшісіне істің №61 түрмеде қаралып жатқанын, сол себепті сотқа онлайн қатысу мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды.

Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Бұл қайғылы оқиғадан соң елде 29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз