
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 10 наурызға дейін қамауда болады. Ақпаратты KursivMedia тілшісіне бас прокуратураның баспасөз қызметі растады.
«Тергеу сотының шешімімен күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 2025 жылдың 10 наурызына дейін ұзартылды», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін Марат Бекетаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғаны, тараптардың іс материалдарымен танысып жатқаны хабарланды.
Экс-министр 2023 жылдың қазанында жеке компания басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдік негізінде қамалды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанда ұсталғанын мәлімдеді.
Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болған. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл қызметтен босатылып, 2022 жылдың соңына дейін премьер-министрдің кеңесшісі болды.