Жаңалықтар

«Қаралы үйде қазан асылмайды»: Мүфтият өкілі ас беру мәдениеті жайлы айтты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы/ фото: muftiyat.kz

Рамазан айы келгенде ағайын-туыс, дос-жаранның басын қосып ауызашар беру – ел арасында қалыптасқан жақсы үрдіс. Алайда кейінгі кезде жайылған дастарханды әлеуметтік желіде жариялау жиіледі. Бұл сауап жинауға ниет білдіргендер арасындағы бәсеке секілді ой қалдырады. Ал ауызашарда ас та төк дастархан жаю міндет пе? Жағдайы жетпейтін азаматтар не істесе болады? Kursiv.Media тілшісі бұл сұрақтарды Қазақстанның бас мүфтиінің кеңесшісі Смайыл Сейітбековке қойды.

Әңгіме барысында мүфтият өкілі көрші елдердің той-жиын өткізуге қатысты қабылдап жатқан шешімдеріне де пікір білдірді. Сондай-ақ кісі қайтыс болған үйде қазан асып, дастархан жаю мәдениеті қашан өзгеруі мүмкін екенін айтты.

Ас та төк дастархан жаюдың қажеті жоқ

Смайыл Сейітбековтің сөзінше, діни басқарма мен бас мүфти қазақстандықтарды ысырапқа жол бермеуге шақырады. Сол себепті ауызашар беруге ниеттенген адамға ас та төк дастархан жаюдың қажеті жоқ.

«Ауызашар дастарханы ас та төк болмауы керек, бір-бірімен жарысудың қажеті жоқ. Бір-бірімен жарысу ауызашар бергені үшін жазылатын сауаптың кемуіне жол ашады. Өйткені ауызашар дастарханы бір Құдайдың разылығы үшін ораза ұстаған пендеге ауыз аштырайын деген ниеттен жайылуы керек. Бұл ниет бір-бірімен жарысуға итермелейтін болса, онда бұл – өзгелерге көрсету мақсатында жасалған іс-әрекет, оның сауап ретінде жазылмайтыны ескертілген», – дейді Сейітбеков.

Айтуынша, ҚМДБ ауызашар дастарханы ішіп-жеуге жеткілікті болғаны дұрыс деген ұстанымда.

«Бір Құдайдың разылығы үшін ауыз бекіткеннен кейін, ауызашар дастарқанының да ішіп-жеуге жетерлік болғанын дұрыс деп санаймыз. Қалғаны ысырапқа итермелейді. Көп жағдайда өзгенің жей алмаған тағамын алып кетуге ықылас танытпағандықтан, қалған тамақты қоқысқа тастауға тырысады. Бұл да ысырапқа әкеледі», – дейді ол.

Діни басқарма бес жыл бұрын «ас беру мәдениеті» деген құжат әзірлеген. Алайда ол заңды құжат емес, себебі ҚМДБ тек өз құзыреті аясында халыққа дәстүр мен дінге сәйкес қалай болғаны дұрыс екенін насихаттай алады. Дастарханды қалай жаятыны әркімнің өз еркі, сол себепті заң шығарып, азаматтарды шектей алмайды.

Бауырcақ пен тары-талқан жеткілікті

Діни басқарма өкілінен ауызашар дастарханында не болуы керек екенін де сұрадық. Айтуынша, азаматтар ұлттық тағамға мән берсе құба-құп.

«Бірінші кезекте ораза ұстаған адамның ауыз ашуы үшін керек дүние – құрма мен су. Мұсылман адам осымен ауыз ашқанды жақсы көреді. Екіншіден, біздің ұлттық тағамдарымыз, бауырсақ, шелпек, қаттама, тары, талқан бар. Үшіншіден, ас ретінде ет қойып, осымен шектелгені дұрыс деп ұсынамыз», – дейді Бас мүфтидің кеңесшісі.

Смайыл Сейітбеков бірнеше адам қосылып бірлесе ауызашар беруіне қатысты да ойын айтты.

«Мұхаммед пайғамбарымыздан бірде жағдайы төмен сахабалар «уа, пайғамбарым, жағдайы бар мұсылмандар ауызашар беріп жатыр. Біздің ондай жағдайымыз жоқ, біз не істейміз? Ниетіміз бар, бірақ жағдайымыз болмай тұр» деп сұраған екен. Сонда пайғамбарымыз «ауыз бекіткен бір адамға бір түйір құрма немесе бір жұтым су берсең, сол сауапқа сен де ие боласың» деп айтқан. Сондықтан жағдайы төмен 4-5 адамның қосылып бірлесе ауызашар беруі талап етілмейді. Мешітке барып немесе көшеде аузы берік адамға құрма мен су ұстатса, дәл сол сауапты алады», – дейді Сейітбеков.

Қаралы үйде қазан асылмайды

Смайыл Сейітбеков елімізде кісі қайтыс болған үйде жайылатын дастарханға қатысты халықтың ойы өзгеріп жатыр деп санайды.

«Оңтүстік өңірде, оның ішінде Түркістан және Жамбыл облысында кісі қайтқан үйде жаназасы шығарылып, жерленгенге дейін қазақ-ошақ аспау деген мәдениет қалыптасты. Тек алыстан келген ағайыны мен жеті күндік асында дастархан жайып жатқанды өзім көрдім. Топырақ салып, бет сипағаннан кейін, жиналған жұрт тарап кетті, «неге дастархан жаймады?» деп ешкім сұраған жоқ. Қазалы үйде қазан көтерілмейді. Халық бұл мәдениетке біртіндеп келеді. Анасы, әкесі не бауыры қайтыс болып, аза тұтып жатқан адам көңіл айтып келгендермен қайғысын бөлісе ме, әлде ас әзірлеуді ойлауы керек пе деген сұрақ туындайды», – дейді Бас мүфтидің кеңесшісі.

ҚМБД-ның Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия мұсылмандары діни басқармасымен арнайы келісімі бар. Соған сәйкес, діни мерекелер мен діни күндерге қатысты ортақ шешім қабылдайды. Сейітбеков әр елдің қалыптасқан дәстүрі бар екенін айтып, дастархан жаю тәртібі бірлесе талқыланбайтынын жеткізді.

«БАҚ-тан көрші кей мемлекетте белгілі бір деңгейде шектеу қойылып жатқанын оқыдым. Мәселен, Тәжікстанда тойға 150 адамнан көп қонақ шақыруға болмайды, Қырғызстанда кісі қайтыс болған кезде ірі қара союға болмайды. Мұндай шектеулер туралы оқыдым, бірақ мұның қаншалықты орындалып жатқанын білмеймін. Қазақстандықтарға да мұндай шектеу қажет-қажет емес деп айта алмаймыз, халық мәдениеті заман мен қоғам талабына сай реттеледі. Ысырыпты ешкім қолдамайды», – деп түйіндеді Сейітбеков.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталды.