Шымкент билігі мегаполистегі жемқорлықты жоя алды ма

Шымкент әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қаладағы жемқорлықты жою үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтты деп хабарлайды KursivMedia.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері Кәрімовтен «Шымкентте жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері шенеунікті ұстаған еді. Содан кейін қалада жемқорлық тоқтады ма?» деп сұрады.
Әкім орынбасарының сөзінше, Шымкентте бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Мұндай келеңсіз жағдайды болдырмай, тәуекелдерді азайту үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Сол жұмыстар нәтиже береді деген сенімдеміз», – дейді ол.
Сондай-ақ «Қазақстан бойынша Шымкентті жемқорлық жоқ қала деп айтуға бола ма?» деген сұрақ қойылды.
Әкім орынбасары бұған халық пен құзырлы органдар баға беретінін айтып, бұл мәселенің басты назарда екенін жеткізді.
Айта кетейік, 2024 жылдың 8 ақпанында Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы міндетін атқарған Азат Момыновты жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өкілдері жиналыс үстінде алып кетті. 2024 жылдың тамызында ол 9 жылға сотталды.