
Қазақстанда коллекторлар қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың қарызын реттеу ережелерін бекітті.
Енді коллекторлар борышкерлердің өтінішін тіркеу, әрбір өтініш бойынша қандай шаралар қабылданғанын көрсету, қарыз төлеу шарттарын өзгертуден бас тартса – себебін түсіндіруге міндетті.
Одан бөлек борышкерлерге олардың агенттікке жүгініп, қарызды реттей алатынын хабарлауы керек. Сонымен қатар бұрын коллекторлар ведомствоға өздері ақпарат тапсыратын болса, енді бұл процесс автоматтандырылады.
ҚНРДА бұл өзгерістер коллекторлардың жұмысын жақсарту, борышкерлердің құқықтарын қорғау және барлық қатысушының өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталғанын айтты.
Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді.
2024 жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту туралы заңға қол қойды. Бұл заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 мамырына дейін қарыздарды коллекторларға сатуға тыйым салынады. Одан бөлек, коллекторлар жылу беру маусымында балалы отбасыларды үйлерінен шығарып тастай алмайды.