Үкімет миллиардерлерге тиесілі құрылыс компанияларына неге шүйлігіп отыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
құрылыс
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет өткен аптада  BI Group және BAZIS сынды ірі құрылыс компанияларына, мейрамханалар, фитнес-клубтарға  «тапқан табыстарыңнан аз салық төлеп отырсыңдар» деп шүйлікті. Тіпті премьер-министр Олжас Бектенов оларға салықты толық төлеуге екі апта уақыт беріп, талап орындалмаған жағдайда «соңы қиын болатынын» ескерткен.

Алайда Бектеновтің сынына жауап берген қос құрылыс компаниясы да «салықты уақытылы төлеп отырмыз, кез келген тексеріске дайынбыз» деп жауап қатты.

Ал Қаржы министрлігі аталмыш құрылыс компаниялары салық төленетін кірісін 16 млрд теңгеге кем көрсетті деп мәлімдеді. Bazis компаниясы 4,6 млрд теңге кірісіне салық төлемесе, BI Group 11,9 млрд теңге табысына есеп тапсырмаған.

Мәжіліс кулуарында журналистер вице-премьер-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен «ескерту алған компаниялар салығын екі аптада төлемесе, қандай шара қолданылады, байланысқа шықты ма» деп сұрады.

Жұманғарин ескерту алған компанияларға екі апта уақыт берілгенін қайта еске салып, бұл мәселе жөнінде әлі нақты ақпарат алмағанын айтты.

«Салық органдарында камералдық бақылау деген бар. Былтыр бизнеске 430 мыңнан астам осындай хабарлама жіберілген. Биыл құрылыс компанияларға берілген ескертудің шет-жағасын ашып жібердік. Керек кезде әкімшілік шаралар қолданамыз», – деді ол.

Мұндай ескерту алған тек құрылыс компаниялар емес. Олардың қатарында ірі бизнес орталықтары, қонақүйлер, т.б. бар. Жұманғарин бұл қалыпты жұмыс процесі, одан шу жасаудың қажет жоқ деп тұжырымдайды.

BI Group-тың негізін қалаушы Айдын Рахымбаев –  Forbes рейтингіне енген миллиардер. BAZIS холдингінің негізін қалаушы Александр Белович те еліміздегі танымал бизнесмендердің қатарында.

Сондай-ақ оқыңыз