Соңғы 5 жылда Қазақстандағы ең көп қымбаттаған автокөліктер

Жарияланды 5 Наурыз 2025 08:23

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Көліктер бағасы қымбаттай ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Көлік бағасы қымбаттай ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы бес жылда Қазақстанның автокөлік нарығы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Әлемдік және ішкі экономикалық факторлардың әсерінен автокөлік бағалары тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл ретте Kursiv.Мedia тілшісі осы кезеңде бағасы ең көп қымбаттаған автокөлік модельдерін, олардың қазіргі құнын және бағаның өсуіне әсер еткен негізгі факторларды талдады.

Автокөлік бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторлар

Мамандардың айтуынша, автокөлік бағасының қымбаттауына ұлттық валютаның құнсыздануы, логистикалық шығындардың артуы, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімнің болмауы, салықтар мен алымдардың өзгеруі сынды бірнеше фактор ықпал етеді. 

5 жылда ең көп қымбаттаған автокөлік модельдері

Toyota Land Cruiser 300

  • 2019 жылы бағасы 35 млн теңге болған
  • 2024 жылы бағасы 63 млн теңгеге дейін өсті
  • Бағасы +80%-ға дейін өсті.

Toyota Land Cruiser 300 — Қазақстандағы ең танымал жол талғамайтын көліктердің бірі. 2021 жылы оның бағасы айтарлықтай өсті. Бұған жаңа буынының шығуы және сұраныстың артуы ықпал етті. 

Lexus LX 600

  • 2019 жылы бағасы 45 млн теңге болған
  • 2024 жылы бағасы 85 млн теңгеге жетті
  • Бағасы +90%-ға дейін өсті.

Lexus LX 600 — премиум санатындағы жол талғамайтын көлік. Жаңа үлгісінің танымалдығы артқанымен, жеткізілімдер шектелді. Салдарынан темір тұлпар бағасы күрт өсті. 

BMW X7

  • 2019 жылы бағасы 40 млн теңге болған
  • 2024 жылы бағасы 73 млн теңгеге жетті
  • Айналдырған 5 жылда бағасы +82%-ға қымбаттады. 

BMW X7 — сәнді кроссовер. Оның салоны кең, премиум материалдармен жасалып, заманауи технологияларымен ерекшеленеді. Автокөліктің бағасының 82%-ға өсуі оның сұранысқа ие екенін, сондай-ақ инфляция мен нарықтағы өзгерістердің ықпалын көрсетеді. 

Toyota Camry 70

  • Қазақстандықтардың сүйікті көлігі 2019 жылы 11 млн теңге тұрған
  • 2024 жылы бағасы 22 млн теңгеге жетті.
  • 5 жылда бағасы бірден +100%-ға өсті. 

Toyota Camry — Қазақстандағы ең танымал седандардың бірі. Оның бағасы тек инфляция мен логистика шығындарының артуынан ғана емес, сұраныстың тұрақты жоғары болуына байланысты екі есеге өсті. Бұл модель сенімділігі мен қолайлылығы үшін жеке тұлғалар арасында да, компаниялар арасында да жоғары бағаланады.

Hyundai Tucson

  • 2019 жылы бағасы 10 млн теңге еді
  • 2024 жылы бағасы комплектациясына қарай 16-17 млн теңгеге жетті.
  • Бағасы +70%-ға өскен. 

Hyundai Tucson — отбасылық және қалалық кроссовер ретінде танымал. Соңғы жылдары оның жаңа үлгісі Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие болды, бағаның айтарлықтай өсуінің себебі де осы.

Kia Sportage

  • 2019 жылы бағасы 9 млн теңге еді
  • 2024 жылы бағасы 16-17 млн теңгеге жетті. 
  • Кроссовер құны осы аралықта +88% қымбаттады. 

Kia Sportage — орташа санаттағы кроссоверлердің ішінде ең көп сұранысқа ие модельдердің бірі. Оның бағасының өсуіне теңгенің құнсыздануы мен көлік жеткізіліміндегі кідірістер әсер етті.

Chevrolet Cobalt

  • 2019 жылы бағасы 4,5 млн теңге болды
  • 2024 жылы құны 8-9 млн теңге жуықтады. 
  • Көлік құны +100%-ға өскен.

Chevrolet Cobalt — қолжетімді баға санатындағы автокөліктердің бірі. Дегенмен соңғы бес жылда оның құны екі есе өсті. Бұл модель Қазақстандағы такси қызметтері арасында ерекше танымал, аталған фактор да сұраныстың жоғары болуына әсер етті.

Баға өсімінің динамикасы

Статистикаға сәйкес, 2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда автокөлік бағасы орта есеппен 70-100%-ға артқан. Жеңіл көліктердің ғана емес, коммерциялық және жүк көліктерінің де құны күрт өсті. Бұл үрдіс жаңа автокөліктермен қатар тізгінделген көліктерге де әсер етті.

Қайталама нарықтағы жағдай

Соңғы жылдары Қазақстанда қайталама нарықтағы автокөліктердің бағасы да айтарлықтай өсті. Жаңа автокөліктердің тапшылығы мен жеткізілім мерзімінің ұзақтығы тұтынушыларды қайталама нарыққа жүгінуге мәжбүр етті. Мысалы:

  • Toyota Land Cruiser 200 (2018-2020 жылдары шыққан): 50-55 млн теңге
  • Lexus LX 570 (2018-2020 жылдары шыққан): 70-75 млн теңге
  • BMW X5 бағасы (2019 жылғы үлгісі): 45-50 млн теңгеге жетті.

Қайталама нарықтағы автокөліктердің бағасы олардың жағдайына, жүріп өткен қашықтығына және қосымша опцияларына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен соңғы бес жылда олардың құны орта есеппен 50-70%-ға артты.

Бағаның өсуіне әсер еткен маңызды оқиғалар

Бірінші фактор, COVID-19 пандемиясы. 2020 жылы басталған пандемия жаһандық жеткізілім тізбектерінің бұзылуына әкелді. Бұл автокөлік өндірісінің баяулауына және дайын өнімнің тапшылығына себеп болды.

Екінші, микрочиптер тапшылығы. 2021 жылы автомобиль өндірушілері үшін микрочиптер тапшылығы туындады. Соның нәтижесінде жаңа көліктердің өндірісі қысқарды, ақыр-соңында ұсыныстың төмендеуі бағаның өсуіне әкелді.

Үшінші, геосаяси тұрақсыздық. 2022 жылдан бастап Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс логистика мен жеткізілім тізбегін бұзды. Бұл, әсіресе, ТМД елдеріндегі автомобиль нарығына әсер етті.

Төртінші, теңгенің құнсыздануы. Қазақстандағы экономикалық жағдай және ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты әлсіреуі импорттық автокөліктердің қымбаттауына себеп болды.

2025 жылы көлік бағасы қымбаттай ма?

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы автокөлік нарығында бағаның өсуі 2025 жылы да жалғасады. Бұған электромобильдерге сұраныстың артуы, логистика мен өндіріс шығындарының өсуі, экологиялық стандарттар мен салықтық реттеудің қатаңдауы ықпал етеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін елдегі дәулетті адамдар қандай көлік маркаларын таңдайтынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз