Банк пен қаржы

Қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қордан 1 трлн теңге алынған

Ұлттық қордың шығыны түсімінен екі есе асып кеткен
Ұлттық қордың шығыны түсімінен екі есе асып кеткен Фото: shutterstock

Қаржы министрлігі Ұлттық қордың есебін жариялады. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айында қорға 520,3 млрд теңге түскенімен, осы уақыт аралығында қордан 1 трлн теңге алынған. Нәтижесінде, Ұлттық қор қаржысы 480,5 млрд теңгеге немесе 1,45%-ға азайып, 32,58 трлн теңгені құрады.

Мұнай өндірісі өссе де, неге түсім азайды?

2025 жылы Теңіз кен орнын кеңейту жобасы іске қосылып, мұнай өндірісі тарихи максимумға жетті. Бірақ бұл өсім Ұлттық қорға түсімдерге оң әсер етпеген. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, мұнай-газ секторынан түсетін салық едәуір төмендеген:

  • Корпоративтік табыс салығы – 68%-ға (340 млрд теңгеге) азайды;
  • Жер қойнауын пайдаланушылардың салығы – 73%-ға (71 млрд теңгеге) қысқарды;
  • Экспорттық рента салығы – 18%-ға (15 млрд теңгеге) төмендеді;
  • Өнімді бөлу туралы келісімдерден түсетін түсім– 13%-ға (34 млрд теңгеге) азайды.

«Мұнай өндірісінің артуына қарамастан, салық түсімдерінің күрт төмендеуіне Brent маркалы мұнай бағасының 70 доллардан арзандауы себеп болды. Бұл жағдай Қазақстан экономикасының шикізаттық тәуелділігін тағы да айқындап отыр. Мұнай бағасы қажетті деңгейден төмен болса, тіпті өндіріс көлемінің артуы да Ұлттық қорды қорды толтыруға көмектесе алмайды», – деп жазады экономист Ғалымжан Айтқазин.

Ұлттық қордың қаржысы қайда бағытталды?

2025 жылдың қаңтар-ақпанында Ұлттық қордан 1 трлн теңге жұмсалды. Оның ішінде 800 млдр теңгесі кепілдендіріліген трансферт болса, 200 млрд теңгесі – нысаналы трансферт. Қорды басқаруға 778,2 млн теңге кеткен.

Қордан алынған қаражат республикалық бюджетке құйылған. Ақпан айында ғана 400 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бұл көрсеткіш қаңтар айындағы көрсеткішпен бірдей. Мақсатты трансферттер көлемі айтарлықтай қысқарған – қаңтарда 150 млрд теңге бөлінсе, ақпанда бұл сома 50 млрд теңгені ғана құрады.

Экономистердің пікірінше, мұндай үрдіс жалғаса берсе, Ұлттық қордың жинақтау функциясы әлсіреп, болашақ ұрпақ үшін қаражат жинақтау қаупі туындайды. Сондықтан Үкіметке мұнайдан тыс кірістерді арттыруға және бюджет шығыстарын тиімді басқаруға басымдық беру қажет.

Дегенмен Үкімет 2026 жылдан Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін қысқартуды жоспарлап отыр. Кепілдедірілген трансферт көлемі жылына 2 трлн теңге болса, нысаналы трансферт оның 30%-нан аспауы тиіс.