Алматыда 8 наурызға орай қандай мерекелік іс-шаралар өтеді

Жарияланды 5 Наурыз 2025 20:38

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматыда 8 наурызға орай қандай мерекелік іс-шаралар өтеді / фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер, көрмелер, театр қойылымдары және танымдық кездесулер күтеді.

6 наурызда Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде «Алаш арыстарының жұбайлары» атты дәріс өтеді. Бұл шарада Алаш қайраткерлерінің жұбайларының өмірі мен олардың тарихи рөлі талқыланады. Дәріске алашордалықтардың ұрпақтары Айман Байсалова, Меруерт Бакибаева, Жанара Сүлейменова, Жазира Арғын, сондай-ақ зерттеуші ғалымдар Светлана Смағұлова, Бекзада Қожекеева және Гүлжаһан Орда қатысады. Сол күні Алматы музейінде «Дәстүр. Өнер. Әдемілік» көрмесі ашылып, музей қорындағы қазақтың дәстүрлі бас киімдері мен суретші Гүлнар Табанованың жұмыстары ұсынылады.

7 наурызда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Анаға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Концерт аналарға алғыс білдіруге, ұлттық дәстүрлер мен мейірімділік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. Кешке белгілі өнерпаздар Асет Есжан, Шаттық Уатқан, Нұрболат Ұзақбай, Диас Мұратхан, Тілек Базаров және Нариман Абрахман қатысады.

Аудандағы іс-шаралар

Алматының әртүрлі аудандарында да мерекелік концерттер өтеді.

6 наурызда Наурызбай ауданында Шұғыла ықшамауданындағы Инновациялық шығармашылық орталығында, Алатау ауданында Нұркент ықшамауданындағы Инновациялық шығармашылық орталығында, Түрксіб ауданында Сейфуллин даңғылындағы №13/1 мектеп оқушылары үйінде концерттер ұйымдастырылады. 7 наурызда Медеу ауданында Жамбыл атындағы филармонияда, Жетісу ауданында Есім хан көшесіндегі №127 Мәдениет үйінде мерекелік шаралар өтеді.

Алматыдағы бұл шаралар Халықаралық әйелдер күнін мәдениет пен өнер арқылы атап өтіп, нәзік жандыларға құрмет көрсетуді мақсат етеді.

Сондай-ақ оқыңыз