
Каирде өткен Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) саммитінде араб елдерінің басшылары Газа секторын қалпына келтіру жоспарын мақұлдады. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.
Мысыр әзірлеген бұл жоспар тұрғындарды күштеп қоныс аударуды қарастырмайды және оны жүзеге асыруға 53 млрд доллар бөлінеді.
Жоспардың негізгі бағыттары
Мысырдың бұл бастамасы АҚШ президенті Дональд Трамптың «Газаны Таяу Шығыстың Ривьерасына айналдыру» жоспарына балама ретінде ұсынылды. Трамптың жоспары 2 миллионнан астам палестиналықты басқа араб елдеріне көшіруді қарастырған.
АМЛ бас хатшысы Ахмет Абуль Гейт саммиттен кейін: «Мысырдың жоспары енді бүкіл араб әлемінің жоспарына айналды», – деп мәлімдеді.
Мысыр өз жоспарын арнайы дайындалған 91 беттен тұратын құжатпен таныстырды. Онда болашақта салынатын жасыл аймақтар, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың суреттері бар.
Жоспар үш кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезең (2027 жылға дейін): 20 миллиард доллар бөлініп, негізгі инфрақұрылым нысандары – жолдар, коммуналдық жүйелер және қоғамдық қызмет көрсету орындары қалпына келтіріледі. Сондай-ақ 1,6 миллион адамға арналған 200 мың тұрақты тұрғын үй салынбақ.
- Екінші кезең (2030 жылға дейін): тағы 200 мың тұрғын үй, өнеркәсіптік аймақтар, балық аулау порты, теңіз сауда порты және әуежай құрылысы жоспарланған. Бұл кезеңге 30 миллиард доллар жұмсалады.
- Үшінші кезең: Газаны қалпына келтіру және болашақта толыққанды палестиналық мемлекеттің негізін қалауға бағытталады.
Жоспарда қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін халықаралық бақылаудағы трасттық қор құру көзделген. Газаны уақытша басқару үшін тәуелсіз технократтардан құралған комитет жасақталады. Бұл комитет алты ай ішінде Палестина әкімшілігінің толық бақылауына көшуін қамтамасыз етуі тиіс.
ХАМАС және халықаралық қауымдастықтың ұстанымы
Жоспардың негізгі қаржылық демеушілері ретінде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) және Катар аталды. Бірақ Еуропалық Одақ елдері мен басқа да халықаралық донорлар Газаны қалпына келтіруге қатысуды ХАМАС-тың биліктен кетуіне тікелей байланыстырып отыр.
Саммитке Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас бастаған делегация қатысты. Палестина әкімшілігі Газаны басқару құқығын өздеріне қайтару қажеттігін мәлімдеді. Дегенмен саммит барысында мақұлданған жоспар бұл мәселені ашық қалдырып, Газаны басқаруға халықаралық консорциум тартылатынын атап өткен.