
Танымал кәсіпкер және блогер Диана Камаладин мотивация мен шабыт сыйлайтын 5 үздік фильмді ұсынды. Бұл картиналар табандылық, жетістікке жету, кәсіби даму және өмірлік қиындықтарды жеңу тақырыптарын қамтиды.
«Эрин Брокович»
Тізімнің басында шынайы оқиғаға негізделген «Эрин Брокович» фильмі тұр. Бұл фильмде әділдік үшін күрескен, ешқандай заңгерлік білімі жоқ, бірақ өз табандылығының арқасында үлкен корпорациямен соттасып жеңген әйелдің өмірі баяндалады. Ол қиындықтарға мойымай, әділетсіздікке қарсы тұрып, көптеген адамның тағдырын өзгерткен.
«Скрытые фигуры»
Екінші фильм – «Скрытые фигуры» (Hidden Figures). NASA-да жұмыс істеген қара нәсілді үш әйел-математик туралы бұл картина ғылымдағы әйелдердің рөлі, теңдік үшін күрес және кәсіби дамуға арналған. Олардың еңбегі америкалық ғарыш бағдарламасының дамуына үлкен үлес қосқанымен, қоғамдағы стереотиптерге қарсы күресуге тура келді.
«Эмили в Париже»
Үшінші орында жеңіл, бірақ мотивацияға толы «Эмили в Париже» сериалы. Бұл фильм жаңа ортаға бейімделу, шығармашылық индустриядағы жұмыс және мансап жолында өз орныңды табу туралы. Басты кейіпкер – жас америкалық қыз Эмили Парижге көшіп келіп, мүлде жаңа мәдениетте өзін қалай көрсету керектігін үйренеді.
«Паразиттер»
Төртінші фильм – «Оскар» сыйлығын алған әлемге әйгілі «Паразиттер» (Parasite). Бұл фильм әлеуметтік теңсіздік, байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық және қоғамдағы әділетсіздік туралы терең ой салады. Әр сәті тосын сыйларға толы бұл картина өмірге басқа көзқараспен қарауға мәжбүр етеді.
«Негізін қалаушы»
Тізімді толықтыратын бесінші фильм – «Негізін қалаушы» (The Founder). Бұл әлемге әйгілі McDonald’s желісінің негізін қалаған Рэй Кроктың өмірін баяндайтын фильм. Ол кәсіпкерлік рух, бизнес стратегиялары және бәсекелестікті жеңу туралы құнды сабақ береді.
Камаладин ұсынған бұл фильмдер өмірдегі түрлі қиындықтар мен жетістіктерді көрсетіп, кез келген адамға мотивация сыйлай алады. Егер жаңа белестерді бағындыруға, өзіңізді дамытуға немесе тек сапалы фильм көруге ниетті болсаңыз, бұл тізім сіз үшін пайдалы болары сөзсіз.
Бұған дейін Диана Камаладин ұсынған топ 5 кітабы туралы жазған едік.