Lifestyle

Димаш Құдайберген «Грэмми» сыйлығының иегері Уолтер Афанасьевпен бірге жаңа ән жазды

Димаш Құдайберген тыңдармандарына жаңа әнін ұсынбақ / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген екі мәрте «Грэмми» сыйлығының иегері, әлемге әйгілі продюсер әрі композитор Уолтер Афанасьевпен бірге жазған туындысын тыңдармандарына ұсынбақ. Жаңа Love’s not over yet әнінің тұсаукесері 7 наурызға жоспарланған.

Музыка әлеміндегі әйгілі продюсер

Маэстро Уолтер Афанасьев – әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бірге жұмыс істеген тәжірибелі композитор. Ол Уитни Хьюстон, Барбара Стрейзанд, Мэрайя Кэри, Селин Дион, Лара Фабиан, Рикки Мартин, Леона Льюис, Savage Garden сияқты танымал әртістермен бірлесе отырып, аты аңызға айналған әндерді жазды. Олардың қатарында:

  • I’m Your Baby Tonight – Уитни Хьюстон;
  • Without You, Dreamlover – Мэрайя Кэри;
  • Bleeding Love – Леона Льюис;
  • She Bangs – Рикки Мартин;
  • Crash and Burn – Savage Garden;
  • A New Day Has Come – Селин Дион;
  • You’re Not From Here – Лара Фабиан;
  • My Heart Will Go On – Селин Дион.

Сондай-ақ Афанасьев «Аладдин», «Геркулес», «Қызыл телпек», «Телохранитель» сияқты танымал фильмдер мен мультфильмдердің саундтректерін жасаған.

Жаңа әннің тұсаукесері қашан өтеді?

Уолтер Афанасьев жетекшілік еткен халықаралық шығармашылық топ Димаштың Love’s not over yet атты жаңа әнін ұсынбақ. Әннің ресми тұсаукесері 2025 жылдың 7 наурызында барлық музыкалық платформада өтеді. Сол күні Димаштың YouTube арнасында әннің бейнебаяны жарық көреді.

YouTube video player

Бұған дейін, Димаш қытайлық әнші Гун Линнамен бірге «Қараторғай» әнін шырқаған еді.