
Оңтүстік Корея наурыз айында жаңа визалық бағдарламаны іске қосады. Бұл бастама шетелдік жоғары білікті мамандардың елде тұрақты тұруын қамтамасыз етуге және олардың виза алу процесін жеделдетуге бағытталған. Жаңа жүйе электр көліктеріне арналған аккумуляторлар және басқа да жоғары технологиялық салалардағы мамандарды тартуды көздейді, деп хабарлайды The Korea Times.
«Жоғары деңгейлі виза» (Top-tier visa) қандай мүмкіндіктер береді?
- Бұл виза үш жылға жұмыс істеу құқығын береді және Кореяда тұрақты тұруға мүмкіндік алу үшін негіз болады.
- Бағдарлама ел экономикасын нығайту және технологиялық дамуды жеделдету мақсатында қабылданған.
Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Чхве Сан Мок жаңа саясаттың маңыздылығын атап өтті:
«Шетелдік жұмыс күшін пайдалану – енді таңдау емес, қажеттілік. Бұл демографиялық және экономикалық өзгерістерге бейімделу үшін, сондай-ақ ел экономикасы мен қоғамын нығайту үшін қажет.» деді президент.
Жаңа визаны алу талаптары
- 100 үздік университеттің бірінде ғылыми дәрежесі болуы қажет.
- 500 ірі халықаралық компанияның бірінде кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек.
- Оңтүстік Корея компаниясы төлейтін жылдық жалақы мөлшері елдегі жан басына шаққандағы жалпы ұлттық кірістен үш есе жоғары болуы тиіс (шамамен 140 миллион вон немесе 96 000 АҚШ доллары).
Жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер
Корея үкіметі жас шетелдік мамандарды тарту үшін екі жаңа виза түрін енгізуді жоспарлап отыр:
D-10 визасы – әлемдік жетекші университеттердің ғылыми бағдарламаларын тәмамдаған түлектерге арналған. Бұл виза екі жыл бойы Кореяда жұмыс іздеуге мүмкіндік береді.
«Жастардың арманы» визасы (Youth Dream Visa) – «достас елдердің» жас азаматтары кәсіби дайындық, тағылымдама (стажировка) өту және болашақта Кореяда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарына заңды жұмыс істеуіне рұқсат берілетіні туралы жариялаған еді.