Lifestyle

Той шығындарына заңмен тыйым салына ма

Той шығындарына заңмен тыйым салына ма? / shutterstock, бильд-редакторы: Ахтам Зиперов

Той шығындарына заңмен тыйым салынуға билік назарын аудара бастады. Қазіргі таңда қазақтың тойларының тым даңғазалыққа, ысырапшылдыққа айналып бара жатқаны жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Бұл мәселені көрші елдердегі жағдаймен салыстыра отырып қарастырып көрдік.

Өзбекстандағы той мәдениеті – шектеулердің нәтижесі

Өзбекстанда 2020 жылдан бастап той өткізуге қатаң шектеулер енгізілді. Ел билігі халықтың артық шығынға батпауы үшін бірқатар заңдар қабылдады:

  • Тойға 300 адамнан артық шақыруға болмайды.
  • Тoй 3 сағаттан аспауы керек.
  • Бір ғана музыкалық топ өнер көрсетеді.
  • Кортежге тек 3 көлік рұқсат етілген.
  • Қымбат сыйлықтар таратуға және бірнеше күн той жасауға тыйым салынған.

Өзбек билігі бұл заңды халықтың қаржылық жағдайын ескере отырып қабылдады. Себебі көп отбасы тoй жасау үшін несие алып, кейін қарызға батып жататын. Қазір бұл заң той мәдениетін реттеп, ысырапшылдықты азайтты.

Қырғызстанда да соңғы жылдары тoй өткізу мәдениеті өзгеріп келеді. Жоғарғы Кенеш депутаттары тойға қатысты шектеулерді енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар, жақында Қырғызстанда қайтыс болған адамның үйінде үш күнге дейін мал сойып, ас беруге тыйым салынды.

Түрік тойлары – қарапайым әрі мазмұнды

Түркияда да тойлар ұлттық дәстүрге сай өтеді. Дегенмен, олардың ерекшелігі – қазақтардағыдай ысырапшылдық жоқ.

  • Түрік тойлары көбіне ашық алаңдарда, мейрамханаларда немесе арнайы тойханаларда өтеді.
  • Адам саны шектеулі, тек жақын туыстар мен достар шақырылады.
  • Тойға қажетті шығынды қонақтар жауып береді – олар ақшалай сыйлық береді немесе алтын бұйым сыйлайды. Бұл жас жұбайларға қаржылық қолдау көрсету үшін жасалады.

Түрік қоғамында қымбат тoй жасағаннан гөрі, жаңа отбасының материалдық жағдайына мән берген дұрыс деп саналады.

Қазақ тойы – даңғазалыққа айналып бара ма?

Қазақ халқының той жасау дәстүрі терең тарихтан бастау алады. Дегенмен, қазіргі тойлардың көпшілігі шектен шыққан шығынға ұшыратады:

  • Тoй қонақтарының саны 300-500 адамнан асып кетеді.
  • Той дастарханы асыра мол жасалады, бірақ көп тамақ ысырап болады.
  • Әртістер мен шоу-программаларға миллиондаған теңге жұмсалады.
  • Несие алып той жасайтындар көп, кейін оны төлеу үлкен қиындық тудырады.

Бұрынғы қазақ тойлары рухани мәнге толы болатын. Үлкендер батасын беріп, ақыл-кеңесін айтып, шынайы қуанышқа кенелетін. Ал қазір той бизнеске айналып кетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде той өткізуге қатысты ережелер әзірленіп жатқаны туралы мәлімдеген еді.