Зеленский Трамппен келісе алмағанына өкініп, соғысты аяқтаудың жаңа жоспарын ұсынды

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен арадағы ашық пікірталасқа байланысты жаңа мәлімдеме жасады. Зеленский Вашингтондағы кездесу сәтсіз өткеніне өкініш білдіргенімен, тікелей кешірім сұрамады. Сонымен қатар, Зеленский соғысты тоқтату үшін Трамппен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтып, кезең-кезеңмен бітімге келу жоспарын ұсынды.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың Украинаға әскери көмекті уақытша тоқтатқанынан бірнеше сағат өткен соң жарияланды. Зеленский әлеуметтік желідегі жазбасында Трамптың бұл шешімін тікелей сынға алмағанымен, Украина тарапы Вашингтоннан нақты ақпарат күтетінін айтты.
АҚШ-тың шешімі және Киевтің жауабы
АҚШ-тың әскери көмекті тоқтатуы туралы ақпарат тарағаннан кейін, Зеленский Украина халқына үндеу жасады. Ол Киевке қандай көмектің тоқтатылғаны туралы ресми мәлімет берілмегенін айтып, бұл мәселенің айқын болуы керек екенін жеткізді.
«Бізге нақты деректер керек. Адамдар болжам жасамауы тиіс. Украина мен Америка бір-бірінің айқын позициясын білуге лайық», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Зеленский Украина бұл қауіптерді алдын ала болжағанын және түрлі сценарийлерге дайын екенін мәлімдеді.
«Бүгін 2022 жыл емес. Біздің тұрақтылығымыз әлдеқайда жоғары», – деді Украина президенті.
Украина соғысты тоқтатуға дайын ба?
The Wall Street Journal басылымының дерегінше, Зеленскийдің «соғыс ұзаққа созылуы мүмкін» деген мәлімдемесі Ақ үйдің қазіргі әкімшілігінің ашуына тиген. Сондықтан АҚШ әскери көмекті тоқтату арқылы Киевке келіссөз үстеліне отыру қажеттігін білдіріп отыр.
Өзінің жаңа мәлімдемесінде Зеленский Украина бейбітшілікке ұмтылатынын атап өтті.
«Біз ешкімнің бітпейтін соғыс жүргізгенін қаламаймыз. Украина сенімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөздерге отыруға дайын. Украиндардан артық бейбітшілікті ешкім қаламайды. Мен және менің командам соғысты тоқтату үшін Президент Трамптың мықты басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Зеленский.
Зеленскийдің бейбітшілік жоспары
Зеленский соғысты тоқтатудың алғашқы қадамдары ретінде бірнеше ұсыныс жасады:
- Тұтқындарды босату;
- Әуедегі қақтығыстарды тоқтату: ракета, дрон және бомбалау шабуылдарын доғару;
- Энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымға шабуылды тоқтату;
- Теңіздегі әскери әрекеттерді тоқтату (егер Ресей де осы шарттарды қабылдаса).
Украина президенті сонымен қатар бұл келіссөздер АҚШ-пен бірлесіп, «қысқа мерзімде» жүзеге асуы керек екенін атап өтті.
Францияның ұстанымы және Батыс елдерінің реакциясы
Зеленский ұсынған бұл жоспар Франция президенті Эммануэль Макронның жақында Лондонда өткен саммитте айтқан бітімгерлік ұсыныстарына ұқсас. Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро да бұл жоспарды қолдап, «бұл қадам Владимир Путиннің келіссөздерге адал қарайтынын тексеруге мүмкіндік береді» деп мәлімдеді.
Алайда Ұлыбритания қорғаныс министрінің орынбасары Люк Поллард BBC-ге берген сұхбатында Макронның ұсынысын Лондон қолдамайтынын айтты. Сонымен қатар Ресей тарапы да бұл жоспарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.