Қазақстанда соғыс немесе жер сілкінісі жағдайында халық паналайтын орындар бар ма?

Жарияланды
халық паналайтын
Төтенше жағдай кезінде халық паналайтын орындардың жай-күйі қандай? / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда соғыс, жер сілкінісі жағдайында халық паналайтын орындар бар. Бірақ қауіпсіздік мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі олардың қайда орналасқанын құпия сақтайды. Депутат Ажар Сағындықова паналайтын орындардың жай-күйі туралы сұрап, ТЖМ басшысы Шыңғыс Әріновке сауал жолдады.

Депутатты қарулы қақтығыстар қатері туындаған жағдайда немесе басқа да төтенше жағдайлар болса, халықтың қайда барып паналайтынын алаңдатады. Айтуынша төтенше жағдай кезінде азаматтар қалай әрекет етуді білмейді. Сонымен бірге дабыл даусын Астана халқының көбі естімеген.

«Ешкім дабыл дыбыстарын естіген емес. Сонымен қатар, статистика бойынша, төтенше жағдайларда елорда аумағының үштен екі бөлігі дабылды дауыс шығару құрылғыларымен қамтылмаған. Бұған жаңа салынған аумақтар, оның ішінде сол жақ жағалау, коттедж қалашықтар мен шағын аудандар кіреді», – дейді депутат.

Осыған орай депутат ТЖМ басшысынан барлық өңірлер бойынша дабылды дауыс шығару құрылғыларының дайындығының пайыздық көрсеткіші туралы ақпарат беруді сұрады.

Елде қанша халық паналайтын орын бар?

Сонымен бірге елде қанша халық паналайтын орын бар екенін, олардың техникалық жағдайы, олардың азаматтық қорғаныс жөніндегі заңнамаға қаншалықты сай келетіні туралы сауалдар қойды.

«Олардың ішінде иесіз қалған қорғаныс құрылымдары бар ма, олардың саны қанша? Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қанша қорғаныс құрылымы жеке кәсіпорындардың балансынан шығарылды?» – деп сұрады депутат.

Сағындықова келтірген мәліметтерге сенсек, 2022 жылы 4500-ден астам қорғаныс құрылымдарының 40%-ы жергілікті атқарушы органдардың балансында тұрған. Бұл нысандардың күтіміне жыл сайын шамамен 150 миллион теңге жұмсалады екен. Бірақ жыл сайын тек күтіп ұстауға қомақты қаражат жұмсалғанымен, бұл нысандарға қатысты ақпарат жарияланбайды.

«Сіздердің мемлекеттік құпияны алға тартып, пункттердің мекенжайын жария етпейтіндеріңізді білеміз. Бірақ өңірлер бойынша жиынтық ақпарат беруге болатын шығар. Өйтпеген жағдайда, мемлекеттік құпияның астарында ондаған жылдар бойы осы мәселелерді шешумен айналыспаған адамдардың кәдімгі салғырттығы жатыр деген ой келеді», – деді Сағындықова.

Кеңес Одағынан қалған мұра

Сонымен бірге депутат Кеңес Одағынан бері қалған мұндай нысандарға сенім артпаған жөн деп санайды. Өйткені олар моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген, сол үшін сенімді емес.

Бұдан бөлек қазіргі заманауи қару-жарақтардың зақымдау қуатын да ескерген жөн екенін еске салады. Ал Қазақстандағы халық паналайтын қорғаныс құрылымдарының дені Кеңес Одағынан мұра болып қалған, ескі, яғни қазіргі талаптарға сай келмейді.

Министрлік көбінде паналайтын орын ретінде мектептер мен әкімшілік ғимараттары және паркингтерді ұсынып жатады. Алайда қазіргі ғимараттардың паркингтерінде желдету жүйесі мен сумен жабдықтау жүйелері қарастырылмайды. Сондықтан паркингтерді депутат қауіпсіз орын деп санамайды. Ал төтенше жағдайда қауіпсіз орындарды арнайы қосымшадан іздеу ұсынылған. Бірақ депутат ол қосымшаның өзі шетелдікі екенін айтады.

«Эвакуациялық пункттерді 2GIS қосымшасы арқылы іздеу туралы ұсыныс айтылады, бұл ресейлік қосымша. Осыдан сұрақ туындайды: қазіргі заманғы қару-жарақтардың зақымдаушы факторларын азайтуға қабілетті, халықты паналауды ұйымдастыру үшін елді мекендердегі барлық ғимараттар мен құрылыстардың түгендеуі жүргізілді ме?», – деген сауал жолдады депутат.

Сондай-ақ оқыңыз