Трамп қысымынан кейін Панама каналының бірнеше порты АҚШ бақылауына өтеді

Жарияланды
Панама каналының
Панама каналының негізгі порттары АҚШ бақылауына өтеді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Инаугурациядан кейін Панама мен Гренландияны Америка құрамына қосып алғысы келетінін айтқан АҚШ президенті Дональд Трамп дегеніне жетуге жақын. Панама каналының негізгі порттары енді АҚШ бақылауына өтеді. Бұл туралы ВВС басылымы хабарлады.

Негізгі кеңсесі Гонконгта орналасқан Hutchison холдингі Панама каналы аймағындағы екі негізгі портты америкалық консорциумға беру туралы шешім қабылдаған.

«CK Hutchison Holdings компаниясы Panama Ports Company-дегі 90 пайыздық үлесін, яғни каналдың екі жағындағы «Бальбоа» және «Кристобаль» порттарын басқаратын компанияны, BlackRock америкалық инвестициялық компаниясы басқаратын консорциумға сататынын хабарлады», – деп жазады басылым.

Бұл мәміле құны 14 млрд доллардан асады. Оған сәйкес америкалықтар Hutchison холдингінің 23 елдегі, атап айтқанда, Ұлыбритания, Германия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде орналасқан 43 порт пен инфрақұрылымды басқаратын еншілес компаниялардың 80% активтерін өз бақылауына алмақшы.

Трамп әкімшілігінің қысымы

Сарапшылардың пікірінше, компанияның порттарды бақылау тетігін АҚШ-қа беру туралы шешіміне Трамп әкімшілігінің қысымы әсер еткен. Өйткені Дональд Трамп президенттікке келе сала, Панама каналын Қытай бақылайды деп айыптады. Қажет болса, каналды күшпен болса да тартып алуға тырысатынын мәлімдеді. Бұл Панама үкіметі мен жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Ал Hutchison Holdings бұл шешімінің ешқандай саяси астары жоқ екенін мәлімдеді.

«Бұл келісім тек коммерциялық негізде жасалған және Панама порттарына қатысты соңғы саяси жаңалықтармен еш байланысы жоқ екенін атап өткім келеді», – деп мәлімдеді Hutchison басшыларының бірі Фрэнк Сикст.

Панама үкіметі де бұл мәміленің соңғы кездегі саяси оқиғалармен еш байланысы жоқ екенін жеткізді.

«Бұл өзара мүдделерге негізделген жеке компаниялар арасындағы ғаламдық келісім», – деп мәлімдеген Панама билігі.

Айта кетейік, АҚШ президенті Гренландия аралын да АҚШ құрамына қосып алатыны туралы айтқан. Трамп өз мақсатына жету үшін әскери күш қолдануы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Дания тарапына да АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі ұнамады.

Сондай-ақ оқыңыз