
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов дүкендер мен ғимарат маңдайшаларынан кириллицада жазылған атауларды алып тастап, орнына тек латынша жазу қалдыруды ұсынды. Бұл туралы депутат сәрсенбі, 5 наурыз күнгі Мәжіліс отырысында айтты.
«Дизайн-код туралы айтып жатырмыз. Ірі қала болғандықтан, мұндай шаһарларға көп турист келеді. Бірақ бір нюанс бар. Кез-келген жерге барсаңыз, маңдайшалар мен тақтайшаларда үш түрлі жазу тұрады. Кириллицамен қазақша, кириллицмен орысша және латынша жазамыз. Қазір минимализм заманы. Кирилицаны ешкім түсініп жатқан жоқ. Ең болмаса, мемлекеттік емес органдар ғимаратының маңдайшаларындағы жазуларды дизайн кодқа сай, тек латын әліпбиінде жазамыз деген ұсыныс берілсе. Осыған үкіметтің көзқарасы қандай?», – деп сұрады Ринат Зайытов.
Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың ұсынысын жақсы бағалады. Бірақ латын әліпбиіне көшіп үлгермегені себепті барлық атауларды латын әрпіне көшіру мүмкін болмайтынын айтты.
«Жалпы, бұл ұсынысыңыз жаман емес. Әлі латын әліпбиі жоқ. Латын әрпімен жазылған қазақ сөзін бәрі түсіне алады. Бірақ ағылшын сөздерін көп адам түсіне бермеуі мүмкін. Соны реттеп алу керек. Біз бұл мәселені талқылауға дайынбыз», – деді министр.