
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырғаны дұрыс. Экономикалық сұраныстың төмендеуі, негізгі капиталға инвестицияның баяу өсуі және басқа да қауіптерді ескерсек, осы шешім орынды болады. Бұл туралы Halyk finance сарапшылары жазады.
Бірақ реттеуші басқаша шешім шығаруы мүмкін.
«Қазіргі кезде базалық мөлшерлеме 15,25%-ды құрайды. Ақпанда инфляцияның күрт өсуіне байланысты Ұлттық Банк мөлшерлемені 0,25-0,50 пайыздық пунктке көтеруі мүмкін», – деген болжам жасайды агенттік.
Инфляция неге күшейді?
Статистикаға сүйенсек, ақпанда инфляция 9,4%-ға дейін өсіп, қаңтардағы 8,9%-бен салыстырғанда айтарлықтай жеделдеді. Бұған екі нәрсе себеп болып отыр.
- Теңге әлсіреуінің кешірек әсер етуі. Қаңтарда доллардың орташа бағамы 524,64 теңге болды (желтоқсанда 519,65 теңге болған). Валюта бағамының өзгерісі тауарлар мен қызметтердің бағасына белгілі бір уақыттан кейін әсер ететіндіктен, ақпанда импорттық инфляция күшейді.
- Коммуналдық тарифтердің көтерілуі. Жыл басында жоспарлы түрде электр энергиясы, су сияқты қызметтердің бағасы өсті. Бұл инфляцияға да әсер етпей қоймайды. Бірақ тариф бағасы бір-ақ рет көтерілді, келесі жылға дейін сол күйінде қалады деген болжам бар.
Дегенмен агенттік сарапшыларының сөзінше, нарықты инфляцияның өсуіне кері әсер ететін факторлар бар. Олар: қаңтарда сауда өсімінің 3,9%-ға дейін төмендеуі, негізгі капиталға салынған инвестицияның баяу өсуі және халықтың табысы төмен болуы. Аталған үш себеп ақша құнсыздануына тосқауыл бола алады дейді мамандар.
Валюта нарығында да өзгеріс байқалды. Ақпанда теңге 3,7%-ға нығайып, 1 доллар бағамы 499,09 теңгеге жетті. Оған Ұлттық қордан жоғары көлемде трансферттердің бөлінуі, БЖЗҚ-ға валюта сатып алу талабын алып тастау және квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату деген өзгерістер әсер еткен.
Осы жағдайларды ескере отырып Halyk Finance сарапшылары ақша-несие саясатын қатаңдату керек емес деген пікірде.
«Ақпандағы инфляцияның күрт өсуіне байланысты, Ұлттық Банк мөлшерлемені 0,25-0,50 пайыздық пунктке көтеруі мүмкін. Алайда, ішкі сұраныстың төмендеуін ескерсек, ақша-несие саясатын қатаңдатудың қажеті жоқ деп есептейміз. Біздің болжам бойынша, жыл соңына қарай инфляция 9% деңгейінде тұрақталады. Осы жағдайда базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін 15,25% деңгейінде сақтау оңтайлы шешім болар еді», – деп жазады мамандар.
2024 жылы қарашада Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 15,25% деген деңгейге көтерді. Ұйым төрағасы Тимур Сүлейменов оны төмендетсе, баға қысымы сақталып, инфляция жылдам жүреді деп түсіндірді. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 7 наурызда жарияланады.