
Астана қаласында бірнеше азаматтың бір пәтерге тіркелуіне шектеу енгізіледі. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деп мәлімдеді.
Тіркеу мәселесін Астана мәслихаты шешеді
Мәжілістің сәрсенбідегі жалпы отырысында Астана және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері туралы заң жобасы талқыланды. Құжат авторлары азаматтарды тұрғын үй көлеміне қарай тіркеуге алу тәртібін жергілікті мәслихаттардың құзыретіне қалдырған.
Жұманғариннің айтуынша, қалалық мәслихат қарайтын өзекті мәселенің пәтер иесінің жақын туыстарын тіркеуге алуға ешқандай қатысы жоқ. Заң бір тұрғын үйге басқа бір ондаған адамның тіркелуін шектеуді көздейді.
«Астана үлкен болғаны сонша, полицияның, көші-қон қызметінің үйдің бәрін тексеріп шығуға шамасы жетпейді. Жақында бір үйге 3 450 адам тіркелгені анықталды. Мұндайға жол беруге болмайды. Мәселені жүйелі түрде шешу керек», – дейді премьер-министрдің орынбасары.
Әзірге бір азаматты тіркеуге алу үшін пәтердің нақты қанша шаршы метрі есептелетіні белгісіз. Вице-премьер де журналистердің осы мәселеге қатысты сауалдарына жауап беруден бас тартты.
«Шынымды айтсам, нақты сандарын атағым келіп тұрған жоқ. Себебі мәслихаттың болашақ шешіміне ықпал еткім келмейді. Премьер-министрдің орынбасарымын. Ертең мен айтты деп шығарғанын қаламаймын», – дейді Жұманғарин.
Азаматтар құқығын шектеу емес пе?
Сонымен бірге билік азаматтардың құжатта көрсетілген мекенжайдан басқа жерде тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейткісі келеді. Дегенмен вице-премьер заң жобасындағы ережені азаматтардың Астана секілді ірі қалаларда тұру құқығын шектеу деп қарастырмауды сұрайды.
«Табысы аз азаматтар Астанаға келіп, қосымша табыс тауып жүр. Азаматтардың осындай мүмкіндігін ешкім тартып алмайды. Қақымыз жоқ. Себебі Конституцияда әрбір азаматтың тұратын жерді таңдау еркіндігі қарастырылған. Біз бар болғаны нақты бір үйде тіркелуі мүмкін азаматтар санын шектегіміз келеді», – деп түсіндірді Жұманғарин.
Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар, деп жазылған Конституцияның 21-бабында.
2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Астанада 1,5 миллионнан аса адам тұрады.