Жаңалықтар

Мұнай таппады: Италияның Eni компаниясы «ҚазМұнайГазбен» бірлескен жобадан шықты

Eni компаниясы «ҚазМұнайГазбен» бірлескен жобадан шығады / фото: ашық дерек

Италияның ірі Eni компаниясы ҚазМұнайГазбен бірге Каспий теңізі қайраңында Абай блогын барлау жөніндегі бірлескен жобадан шығу жөнінде шешім қабылдады.

Eni үміті ақталмады

Теңіз қайраңын барлау жұмысы барысындағы алғашқы бұрғылаудан мұнда коммерциялық мұнай қоры табылмады деп жазды Upstream.

«Исатай Оперейтинг» бірлескен кәсіпорыны «Абай-1» барлау бұрғысымен 2500 метр тереңдікке дейін бұрғылауды былтыр қыркүйекте аяқтаған. Алайда ешқандай мұнай табылмаған.

Басылым мәліметінше, бірлескен жоба аясында қайраңды бұрғылау жалғасады деп жоспарланған еді. Алайда алғашқы барлау қорытындысын алған әріптестер кен орнын игеруді доғару жөнінде шешім қабылдады.

«Eni қазақстандық кәсіпорыннан шықты. Біз қосымша бұрғылау жұмысын жүргізбейтін болдық», – деп мәлімдеген компания өкілі.

Осыған дейін Каспий теңізінің Қазақстан жағындағы секторында орналасқан Абай блогы мұнайға бай деп болжанған. Мұнда 480 млн баррельге дейін мұнай бар деп бағаланған.

Шығын шаш етектен

Осы саладағы дереккөздердің айтуынша, Eni бірлескен жобадан шығатынын 2024 жылдың аяғында Қазақстан Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГазға» ескерткен.

Мәліметтерге қарағанда, барлау жүргізген Caspian Explorer кемесі былтыр қазанда Ақтау портына оралған. Мердігер мәліметінше, Caspian Sunrise компаниясы оны жөндеуге 3,2 млн доллар жұмсаған.

Бұған дейін ҚМГ Абай блогын барлау шығынын Eni көтеретінін мәлімдеген. Қазақ компаниясы барлауға қажетті инвестиция көлемін 235 млн доллар деп бағалаған.

Абай блогындағы жобасын аяқтағанына қарамастан, Eni компаниясы Қашаған мен Қарашығанақ ірі кен орындарын игеріп, Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып қала береді.

Былтыр ғана Eni Қарашығанақ мұнайын «Дружба» құбыры арқылы Германияға тасымалдай бастаған. Соған қарамастан, ірі мұнай-газ компаниясының табысы азайғаны мәлім болған.