Банк пен қаржы

Микроқаржы қарызға батырды: депутат зейнеткерлердің кредитін кешіруді сұрайды

Парламент депутаты зейнеткер мүддесін қорғайтын бес ұсыныс тастады / фото: sutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев вице-премьер Ермек Көшербаевқа сауал жолдап, зейнеткер кредитін кешіруді сұрады.

Қасақана жасалған әрекет емес пе?

60 жастағы депутат қаржы нарығын реттейтін заңнамада зейнеткер мүддесі аз қорғалатынын тілге тиек етті. Балабиевтің айтуынша, борышкерді «банкрот» деп танитын заң да, оған өтініш тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ.

«Қолда бар жалғыз ресурс – «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер  қабылданбай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп, демалысқа шыққан зейнеткер зейнетақысынан қағылып жатыр«, – дейді депутат.

Оның айтуынша, көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар. Ал сот орындаушылары бәрінің есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған.

«Банке барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей жатып жоқ болып кеткен, зар илеген зейнеткерлерді көресіздер. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған».

Депутат сауалында бөлімшелері көп «Қазпошта» әлеуметтік қорғалған шот ашуға болатын тізімге енбей қалғаны айтылған. Бұл қасақана жасалған әрекет емес пе? Балабиев осылай деп сұраған.

«Микроқаржы ұйымдары айлықтан-айлыққа деп аз ақша беріп алдап, айналдырған 30 мың теңгені төлей алмаса да, оған он еселеп өсім қосып, қарызға батырып жатыр«, – деп шағымданды ол.

Зейнеткер мүддесін қорғамау – зейнетақы қорынан қаржы алған үкіметке сын

Осының бәрін ескерген депутат вице-премьерге бес түрлі ұсыныс тастады:

  • Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;
  • Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтауды;
  • Құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді;
  • Зейнеткер қарызын кешіруді;
  • Екінші деңгейлі барлық банк пен «Қазпошта» мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынамын.

Балабиевтің пікірінше, зейнетақы қорынан қомақты қаржы алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқанда, зейнетақыны «кіріс көзі» деп санау – ұят тірлік.

Қазақстанда 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар. Орташа зейнетақы – шамамен 130 мың.