
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы жаңарудың белгісі іспеттес. Күллі Орта Азия халқына ортақ болғандықтан, бұл күнді олар ерекше күтіп, айрықша қарсы алады. Бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан бұл мерекені әлем халқы қалай өткізеді? Қандай ұқсас үрдістер бар? Kursiv.Media тілшісі шолу әзірледі.
Наурыз басқа ұлттарда қалай аталады?
Түбі түркі елдердің басым бөлігінде бұл мейрам «Наурыз», «Невруз», «Наврус», «Новруз байрам» деп аталады. Ал тәжіктерде — «гүл гардон», «гүлнаурыз», татарларда — «нардуган», буряттарда — «сагаан сара», ежелгі гректерде — «патрих», бирмалықтарда — «су мейрамы», чуваштарда — «норис ояхе», хорезмдіктерде «наусарджи» деген атаулар кездеседі екен.
Жалпы алғанда Наурыз барлық ұлтта дерлік «Жаңа күн» деген мағына береді. Бұл күндері тазалыққа баса мән беріледі. Әрі дәстүрлі наурыз көже дайындалады. Жеті түрлі дәм қосылып жасалатын осынау астың әр аймақта дайындалу реті мен рецебі де әр түрлі. Наурызда бәрі бір-бірінің үйіне қонаққа барып, хал сұрасып, ұлттық ойындар ойнап, арқа-жарқа болады. Олай болса, әр елдердің наурызды қалай тойланатынын шолып шығайық.
Қазақтар қалай тойлайды?
Қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнін жер мен көктің жаңарып, тіршіліктің бастау алатын кезі деп есептейді. Оған қоса күн мен теңелетін уақыт.
Еліміздің батыс өңірлерінде 14 наурыздан бастап «Амал» һәм «Көрісу күнін» тойлайды. Бір жыл бойғы өкпе-ренішті түгел кешіріп, ұмыту керек деген ырым бар. Амал күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, көріседі. Ерлер бір-бірімен төс қағысып амандасып, «Бір жасың құтты болсын» деп былтырғы мейрамнан кейін тағы бір жыл аман-есен көріскеніне шүкір айтады. Әйелдер болса, құшақтап, бет сүйіседі. Көріскенде келіндер қайыната, қайынағаларымен құшақтаспайды. Ертеде қазақ «наурыз» емес, «амал» деп атаған деген де дерек кездеседі. Яғни қайсысын айтса да қате болмайды.
14 наурыз күні таң атқаннан бәрі ерте тұрып алады. Әсіресе, қарты бар үйлер қазір көрісіп келеді деген оймен дастархан жайып, қонақ күтіп отырады. Міндетті түрде наурыз көже асылып, бауырсақ пен жеті шелпек пісіріледі. Көрісу күнінде ешкім ешкімді арнайы шақырмайды. Сол күнгі дастархан жиылмайды. Көрісіп келген адамдар барған үйінің дастарханынан дәм алып кетеді. Ертеден қалған тағы бір ырым: біреуден алған қарызы болса, осы күнге жеткенше беріп тастауға тырысады.
Ал 22 наурыз күні күллі ел болып Наурыз мейрамы тойланады. Бұл күні барлық аймақта қазан көтеріліп, әр үйде дастархан жайылады. Ұлттық ойындар ойнатылады. Міндетті түрде Наурыз көже әзірленеді. Қазақстанның әр аймағында жасалатын көженің құрамы да, дәмі де әр түрлі. Бірақ басты шарт сол: ішінде жеті түрлі тағам қосылуы керек. Бұл күні ренішке орын жоқ. Барлығы жайдары болып жүруге тиіс.
Қырғыз халқы Наурызды қалай тойлайды?
Қырғызстанда да Наурыз мейрамы ерекше тойланады. Дастархан жайылып, ұлттық тағам — сүмөлөк пен көже әзірленеді. Халықтың сеніміне сүйенсек, бұл тағамның атауы «су» және «мелек» (періште) деген сөздерден шыққан. Сүмөлөк қырғыз халқы үшін қасиетті тағам саналады. Наурызда адамдар бір-бірімен татуласып, өкпені ұмытып, қарызы болса құтылуға асығады. Мейрам күні дүниеге келген балаларға «Нооруз» деген ат жиі қойылады. Қырғызстанда да бұл күні ұлттық ойындар өткізіледі.
Өзбек халқы наурызды қалай тойлайды?
Өзбектерде «Наурызды қалай қарсы алсаң, жылың солай өтеді» деген сенім бар. Сондықтан жақындарына сыйлық беріп, қуантуға тырысады. Өкпе-ренішті де кешіреді. Өзбекстанда бұл мейрам 21 наурыз күні атап өтіледі. Ән мен би, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Бұл күні пісірілетін тағамдар ішінде бидай ұнынан жасалатын сумаляк, нишалда әзірленетін тәтті бәліш, самса мен палау бар. Қазан толса, ризық толады деп сенеді. Сондықтан осы күні аста-төк дастархан жайылып, шат-шадыман мереке қылып өткізеді.
Әзербайжан халқы наурызды қалай тойлайды?
Күн мен түн теңеледі деп әзірбайжандар да наурызды ерекше күтеді. Дәстүр бойынша «тонгал» деген от жағып, соның үстінен жеті рет секіреді. Ал дәстүрлі тағамдар ішінде ай пішіндес қылып жасалатын тәтті шекербураны атап өтуге болады. Бетіне бидай секілді қылып өрнек салады. Егер наурыз күні жаңбыр жауса, келер жыл өте берекелі болады деген сенім бар.
Түрік халқы наурызды қалай тойлайды?
Анадолыда наурыз мейрамы «Султан-ы Невруз» не «Невруз Султан» деп тойланады. Дәстүр бойынша бірінші наурыз күні адам не көрсе һәм байқаса, жыл бойы солай болады деп жорамал жасаған. Сондықтан түріктер наурыз қарсаңында барынша жаңа зат сатып алып, жақсы амал жасауға тырысады. Наурыздың басты атрибуты қасиетті от деп саналған. Қазіргі таңда оның орнын әдемі отшашулар біртіндеп басып келе жатыр. Бұл күні көшелерден ұлттық аспаптардың үні естіліп тұрады. Бөрек, юфка, леблеби, локум сияқты тәттілердің сан түрі пісіріледі. Таңертең ерте тұрып, жаңа киім киіп алып, зират басына дұға жасайды. Одан соң отбасы мүшелерімен жиналып бәрі бірге ас ішеді. Балалар батпырауық ұшырады. Туыстар, көршілер бір-бірінің үйіне қонаққа барады.
Тәжік халқы наурызды қалай тойлайды?
Тәжіктер үшін де наурыздың орны ерек. Бұл күні таңертең бәрі бір-бірімен «Наврузотан пируз бод!»,»Навруз муборак бод!» деп амандасады. Бұл күні кәуап пен дәндерден жасалған палау дайындалады. Тәжікстанда палауды ерлер пісіреді. Дастарханға «с» әрпінен басталатын 7 түрлі тағам қойылады. Мысалы суманак, сипанд, сирке, сэмени, сабзи және т.б. Мұнда да басты символ — от. Ескі сенімге сүйенсек, от жаңарғаннан белгісі деседі. Әрі оның емдік қасиеті бар деп сенеді.
Ауған халқы наурызды қалай тойлайды?
Ауғандар наурыз мейрамын айдың 21-жұлдызында атап өтеді. Қызық жоралғыларының ішінде мынадай бар: 20 наурыз түнгі бірден бастап, 21 наурызда күндізгі 12-ге дейін жан баласы көшеге шықпауы керек. Кімде-кім осы кезде далаға шығатын болса, онда келер жылы үйдегі бір адам өмірден өтеді деген сенім қалыптасқан. Наурызға дайындық ерте басталатыны сонша отбасының барлық мүшесін жаңа киімдер тігіп дайындалады. Мереке күні жемістер мен дәндер, жеті түрлі жемістен қайнатылған сусын қойылады. Отбасында неше бала болса, соған қарай жұмыртқа пісіріп, түрлі түске бояйды. «Бақытсыздықты өзімен бірге ала кетсін» деп ырымдап әр балаға бір-бір жұмыртқа жегізеді.
Иран халқы наурызды қалай тойлайды?
Иранда наурыз 13 күн тойланады. Алғашқы бес күнінде тума-туыспен көрісіп, қонақ қылады. Тоғызыншы күнге дейінгі аралықта Шахрйаран Навруз (шах Навруз) ретінде тойлайды. Ал он үшінші күні Сизда-бедар деп үйден тыс жерде өткізеді. Ескі сенімге байланысты бұл күні әйелдер барлық жамандық әрі кетсін, денсаулық пен сұлулық болсын деп оттың үстінен секіретін болған. Ерлер болса қызыл киім киіп, бетіне қара күйе не бояу жағып алады. Мерекелік дастарханда «хафт-син» яки «с» әрпінен басталатын жеті тағам міндетті түрде болуы керек. Үстелге айна мен балауыз қоятын ырымдары да бар.
Қазақстанда Наурыз айында демалыс өте көп. Соның ішінде Наурыз мейрамына орай да демалыс беріледі. Биыл 21,22, 23 наурыз күндері жұма, сенбі, жексенбі күндеріне түсіп тұр. Сол себепті бұған дейін жазғанымыздай, 24 және 25 наурыз күндеріне қосымша демалыс беріледі. Осылайша аптасына бес күн істейтіндер 21-25 наурыз аралығында қатарынан бес күн демалса, алты күн істейтіндер 21-24 наурыз аралығында төрт күн қатарынан демалады.