Валюта айырбастағанда не нәрсеге мән беру керек

Валюта айырбастау дегенді қаржы операциясы деп қана қарастырмау керек. Себебі бұл туралы біліміңіз болмаса яки мұқият қарамасаңыз, алданып қалуыңыз мүмкін. Оған қоса курстың құбылып тұратыны білмесеңіз, дұрыс емес жерден айырбастасаңыз, ұтылып қаласыз. Олай болса, бүгінгі материалымызда валютаны қауіпсіз әрі тиімді айырбастаудың жолдары туралы айтамыз.
1. Валюта курсы қалай қалыптасады?
Валюта курсы бірнеше факторға байланысты қалыптасады:
- Ұлттық банктер мен орталық банктер — олар валютаның ресми курсын бекітеді. Ақша айналымын бақылауда ұстап, интервенция жүргізіп отырады.
- Халықаралық қорлар — айырбастайтын курс әлемдік валюта биржаларындағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады.
- Экономикалық және саяси тұрақтылық — кризистер, инфляция мен санкцияның салдарынан ұлттық валюта бағамы табан асты өзгере салуы мүмкін.
- Спекуляциялар — ірі инвесторлар мен трейдерлер валютаның құбылуына әсер етуі мүмкін.
- Валюта тапшылығы не керісінше шектен тыс көп болып кетуі — егер шетелдік валюта көбейіп кетсе, курс түсуі мүмкін. Ал азайса — өседі.
Есіңізде болсын: жаңалықтарда не банктерде көрген бағам валютаны сататын не сатып алатын кездегі шынайы бағаммен сәйкес келе бермейді.
2. Қай жерден ақша айырбастаған дұрыс?
Валюта айырбастауға болатын жерлер:
- Банктер — қауіпсіздік жағынан мықты, бірақ тиімсіздеу нұсқа. Өйткені банктердегі курс айырбастау бөлімшелерінен басқаша. Әрі комиссия ұстауы мүмкін.
- Айырбастау бөлімшелері — әр бөлімшеде курс әртүрлі. Бірақ банктерге қарағанда тиімді. Бастысы, алаяқ емес екеніне көз жеткізуіңіз керек.
- Онлайн-айырбастау бөлімшелері мен P2P-платформалар — нұсқа ретінде қарастырақ, өте қолайлы. Бірақ қай сервисті пайдаланатыныңызды жеті рет өлшеп, бір кесіңіз.
- Қара нарық — алаяқтар көп болады. Мұндай тәуекелге бармауға кеңес береміз. Кей елдерде қылмыстық жауапкершілік арқалауыңыз мүмкін.
Олай болса, қай нұсқа дұрыс:
- Курсты бірнеше жерден қарап, салыстырыңыз.
- Айырбастайтын бөлімшенің лицензиясы барына көз жеткізіңіз.
- Көшеден іздемеңіз. Әсіресе, туристік аймақтарда алаяқ өріп жүреді.
- Егер ірі сома ауыстырайын деп жатсаңыз, алдын-ала курсты брон жасап қойсам бола ма деп келісіп алыңыз
3. Ақша айырбастағанда нені ескеру керек?
- Сататын және сатып алатын бағаның айырмашылығын қараңыз (спред) — айырмасы аз болған сайын курс тиімдірек болады.
- Жасырын комиссиялар болуы мүмкін — кей бөлімшелер қолайлы курс бекітіп қояды. Бірақ операцияға комиссия қойып, есесін шығарып алып жатады.
- Жалған купюрадан сақ болыңыз — лицензиясы жоқ, күмәнді жерден ақша айырбастасаңыз, өтірік ақша тығып жіберуі мүмкін.
- Курс құбылады— курс тұрақсыз болып тұрса, ақша айырбастамай күте тұрған абзал. Болмаса, барлық соманы емес, шамалы бөлігін ғана ауыстырып алыңыз.
- Кей жерлерде сомаға қатысты шектеу болады — кей айырбастау бөлімшелері келісім сомасын шектейді. Оны алдын-ала анықтап алыңыз.
- Бір курсты бекітіп қоюға бола ма деп сұраңыз — кей банктер мен айырбастау бөлімшелері айырбастамас бұрын курсты бекітіп қоюға мүмкіндік береді.
4. Алаяққа тап болмас үшін не істеу керек?
Ақша айырбастайтын кезде алаяқтарға жолығып қалуыңыз әбден мүмкін. Олай болмас үшін мына ережелерді ұстаныңыз:
- Ресми банктер мен валюта айырбастайтын бөлімшелерге ғана барыңыз.
- Айырбастамас бұрын сол кездегі курсты тексеріп алыңыз. Оны сіз қаржы агрегаторлары не банк сайттары арқылы қарай аласыз.
- Ақшаны сол жерде тұрып санап алыңыз. Тағы бір маңызды жайт: түбіртек сұраңыз.
- «Комиссия ұстамаймыз» десе, секем алу керек. Өйткені көбіне бұлай айтатындар комиссияны курстың ішіне салып қояды.
- Купюраларды тексеріп алыңыз. Ол үшін детекторларды пайдалансаңыз болады. Болмаса, қорғаныс элементтерін өзіңіз тексере аласыз.
- «Қолдан айырбастауға» келіспеңіз. Көшеде валюта айырбастайтындар көбіне адамдарды алдап кетеді. Берген ақшасы жалған болып шығады.
5. Саяхатшыларға кеңес
Шетелге шыққалы жатсаңыз, мына жайттарды назарда ұстаңыз:
- Ақшаны алдын-ала айырбастап алыңыз. Әуежайларда, турист көп жүретін жерлерде курс тиімсіз болады.
- Қолда бар ақшаны түгел айырбастап тастамаңыз. Керек болып қалар деп азғантай сома ғана шығарып алыңыз. Картамен төлеу мүмкін емес жерде ғана қолма-қол беріңіз. Басқа кезде картамен төлей бересіз.
- Кей елдерде бірнеше валюта курсы болуы мүмкін. Яғни ресми курс пен нарықтағы курстың арасындағы айырма көп болып қалуы ғажап емес.
- Картамен төлеген тиімдірек болуы мүмкін. Әсіресе, арнайы тревел карта, премиум картасы барлар конвертациядан ұтады, болмаса көбірек кэшбек ала алады.
- Валютаға қатысты шектеулерді біліп алыңыз. Әр елде қолма-қол ақша алып жүруге қатысты шектеу әр түрлі.
- Банкнотаның қай түрі қабылданатынын анықтап алыңыз. Себебі кей елдерде ескі не жыртылып қалған купюраларды алмауы мүмкін.
6. Ірі соманы қалай тиімді айырбастаған дұрыс?
- Бірнеше бөлікке бөліп айырбастаңыз.
- Курсты брондап қоюға мүмкіндік беретін жерлерден айырбастаңыз.
- Спред деңгейі минимум болатын банктер мен валюта айырбастайтын бөлімшелерді таңдаңыз.
- Биржа курстарын пайдаланыңыз. Кейде валютаны биржалар не арнайы платформаларда алған тиімдірек болуы мүмкін.
Естеріңізде болса, бұған дейін биржада сауда жасау туралы жазған едік. Ол материалда қор нарығының қалай жұмыс істейтінін түсіндіргенбіз.