Қазақстанда кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Оқушыларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салына ма? / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланудың жас шектеуін енгізуді ұсынды. Арнайы заң жобасын әзірлейтін уақыт жетті деп санайды.

Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен вице-премьер Ермек Көшербаевқа сауал жолдап, әлеуметтік желі бойынша мәселені шешуді сұрады. Өйткені Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізеді деген мәлімет келтірді. Жасөспірімдердің 74%-ы TikTok-ты, 59 %-ы YouTube-ты, 57% Instagram желісін белсенді пайдаланады.

“Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы тауар сатып алады. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр, – деп мәлімдеді мәжілісмен. 

Шетел тәжірибесі

Депутат Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алғанын мысалға  алды.  Ал Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылған. Оған сәйкес балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі де 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салған.

Депутат  ұсынысы қандай?

  • Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
  • Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
  • Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
  • Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.

Осыған дейін дәл осындай мәселені депутат Жанарбек Әшімжан да көтерген болатын. Мәжілісмен TikTok-ты шектеуді ұсынды. Айтуынша, TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою қажет.

Сондай-ақ оқыңыз