Жаңалықтар

Қостанайда мектепті террористер басып алғаны рас па

Қостанайда мектепті терорристер басып алғаны рас па? / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанайда «мектепті терорристер басып алды» деп әзілдеген оқушы күштік құрылымды аяғынан тік тұрғызды.

Бесінші сынып оқушысының әзілі үшін енді ата-анасы үшін жауапкершілікке тартылмақ.

ІІМ баспасөзінің хабарлауынша, 4 наурызда полицияға мектеп оқушысынан қоңырау шалып, қалалық мектептердің бірін террористер басып алды деп хабар берген. Хабарламадан соң, оқиға орнына полиция, құтқарушылар, ҰҚК қызметкерлері дереу барған. Мамандар оқу орнының аумағын тексеріп шыққан, алайда қауіп расталмады. Сондай,ақ жарылғыш заттар мен күдікті адамдар да табылмады.

 «Полицейлер дереу қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол сол мектептің 5-сынып оқушысы болып шықты. Үрей тудырған әзіл оның отбасы үшін ауыр зардаптарға әкелді. Қазіргі уақытта полицияның көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін ата-анасы жауапкершілікке тартылады»,- делінген хабарламада.

Жалған ақпарат таратқандарды қандай жаза күтіп тұр?

Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 19,6 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылатынын ескертті. Сондай-ақ, бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуі тиіс.

Еске салайық, осыған дейін FlyArystan ұшағына отырған жолаушы бортсерікті ұрып, жарылғыш зат алып келгенін мәлімдеген еді. Абырой болғанда, жолаушыларды дүрліктіргенжолаушының айтқаны расталмады. Күдікті абақтыға қамалып, тергеуге тартылатын болды.