
Қазақстанда банктердің тұрақтылығын арттыру үшін жаңа қаржы талаптары енгізілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктерге капиталдың секторлық контрциклдық буферін енгізуді ұсынды. Бұл буфер банктердің белгілі бір несие сегменттерінде тәуекелдерді жинақтауына жол бермес үшін қажет.
«Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулыға қосымша екі тарау енгізілген. Біріншісі – «Капиталдың контрциклдық буфері» туралы болса, екіншісі – «Капиталдың секторлық контрциклдық буфері» туралы.
Бұл өзгеріс банктер, соның ішінде ислам банктері мен шетелдік банк филиалдарына қатысты болмақ.
«Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 42-бабының 6-тармағына сәйкес уәкілетті орган қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, депозиторлар мен кредиторлардың заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының резиденті емес Банкі филиалы үшін пруденциалдық нормативтерді және сақтауға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілеуге құқылы. Буферлер несиелік өрлеу кезеңінде капитал буферін құруға және экономикалық құлдырау кезеңінде буферді босатуға бағытталған. Бүгінгі күні кредиттеудің жекелеген сегменттерінде тәуекелдердің жинақталуын болдырмау мақсатында буферлерді есептеу мөлшері мен тәртібіне қойылатын талаптар енгізіледі», – делінген түсіндірме жазбасында.
Негізгі өзгерістер қандай?
Секторлық контрциклдық буфер – бұл банктердің несие нарығындағы өзгерістерге бейімделуін қамтамасыз ететін қор. Ол экономикалық өсім кезінде жинақталып, дағдарыс кезінде жұмсалады.
Бұл буфер банктердің актив көлеміне қарай 0-6% аралығында белгіленеді. Мысалы, егер тұтынушылық несие немесе автонесие тым көп берілсе, қосымша капитал қоры жиналады. Ал экономикалық құлдырау кезінде бұл қор банктерге қолдау ретінде жұмсалады.
Жеке тұлғаларға несие беру сегментінде бұл көрсеткіш 2%, ал заңды тұлғаларға несие беру сегментінде 0% болады. Бұл талаптар ислам банктеріне де қатысты.
Басқа өзгерістер қандай?
Ал контрциклды буфер жалпы капитал жеткіліктілігінің талаптарына қосымша енгізіледі. Оның мөлшері 0-3% аралығында белгіленеді. Бұл көрсеткіштер әр үш жылда кемінде бір рет қайта қаралып отырады.
ESG бойынша есептерді тапсыру мерзімі 2027 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды.