46 кеншінің қазасынан кейін Қазақстаннан кеткен ArcelorMittal туралы не білеміз?

Жарияланды
GENERAL NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Арселор Миттал Теміртау
Арселор Миттал/фото: shutterstock

Қарағанды облысында «Костенко» шахтасында қаза тапқандарға қатысты сот процесі басталды. Сотталушылар қатарында 10 адам бар. 74 адам жәбірленуші деп танылған. «Костенко» шахтасы апатқа дейін «ArcelorMittal Теміртау» компаниясына тиесілі болды. Одан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. KursivMedia компания тарихы мен Қазақстанға қалай келгеніне шолу жасады.

Компания қалай құрылды?

2006 жылы Arcelor және Mittal Steel бірігуі нәтижесінде құрылған ArcelorMittal – болат және тау-кен өндірісіндегі ең ірі компаниялардың бірі.

Arcelor компаниясы 2002 жылдың ақпанында Люксембургтің Arbed, испандық Aceralia және француздық Usinor-дің бірігуінен пайда болған.  

Ал Mittal Steel-ді 1976 жылы Лакшми Миттал құрды, ол қазірге дейін ArcelorMittal компаниясы басқармасының атқарушы төрағасы.

ArcelorMittal біріктірілгеннен 2007 жылы әлем бойынша 35 мәмілені аяқтаған. Компания табысына келсек, ArcelorMittal әлемдегі барлық болаттың шамамен 10%-ын өндіреді. Компанияны бірнеше бизнес-эшелонға бөліп қарауға болады: Солтүстік Америка, Еуропа, Бразилия, Африка және Азия.

ArcelorMittal және Қазақстан

ArcelorMittal Қазақстанда 1995 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істеді. Сол жылдың 17 қарашасында Қарағанды металлургия комбинаты LNM Group меншігіне беріліп, «Испат-Кармет» ААҚ ретінде жұмыс істей бастады. 2004 жылы «Испат-Кармет» АҚ «Миттал Стил Теміртау» АҚ болды, ал 2007 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болып қайта құрылды.

Компанияның негізгі активтеріне Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинаты, Қарағанды облысындағы сегіз көмір шахтасы кіреді. Олар: Абай, Сарань, Ленин, Қазақстан, Шахтинск, Тентек, Костенко және Күзембаев атындағы шахта.

«Костенко» шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін президент ArcelorMittal Теміртау компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.

2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.

Осылайша компания Қазақстан үкіметіне Теміртау мен Ақтаудағы металлургиялық кәсіпорындарды 286 млн долларға сатты. Үкімет пен компания ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын QIC сатып алуы туралы келіссөздерді аяқтады. Әрі қарай компания акциялары оның жаңа иесі – Андрей Лаврентьевке берілді. «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды.

46 кеншінің қазасы

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды.

Бұл қайғылы оқиғадан соң елде 29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

2025 жылдың 5 наурызында Қарағанды облысының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Істі Бас прокуратура тергеген. Сотқа тартылғандар шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қамауда отыр.

Келесі сот отырысы 12 наурызда өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз