
35 жасқа дейінгі жастарған арналған ипотекалық «Алматы Жастары» бағдарламасының конкурсы басталғалы жатыр. Бағдарламаға құжат қабылдау 2025 жылдың 14 наурызы мен 26 наурыз аралығында жүргізіледі.
Бағдарлама шарттары
Бастапқы жарна – 10%-ы;
Сыйақы мөлшерлемесі – 5% ;
Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн. теңге;
Қарыз мерзімі – 19 жылға дейін
Қамту аясы – 2550 адам.
Қандай үйлер жарайды
Бағдарлама аясында пәтерді бастапқы және қайталама нарықтан, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның кепілдік берген салынып жатқан үйлерден алуға болады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар
- Өтініш берген сәтте «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларыннан басқа қатысушылар мен олардың жұбайының Алматы қаласында тұрақты тіркеуінің болуы шарт;
2. Қатысушының жасы өтініш берген сәтте 35-ке толмаған болуы керек; («Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда)
3. Қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жылда үй болмауы керек;
4. Қатысушының соңғы 6 ай ішінде мына салаларда («Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда) міндетті зейнетақы аударымдары арқылы расталатын жұмыс өтілі болуы керек:
- денсаулық сақтау;
- білім беру;
- мәдениет;
- спорт;
- жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) және ғылыми-зерттеу институты;
- журналистика;
- әлеуметтік сала;
- құқық қорғау органдары және Алматы қаласының коммуналдық қызметтері.
- Қосымша (бар болса) Алматы қаласында тіркелген жеке кәсіпкерлер; (бұл талап мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға қатысты: мүсіншілер, суретшілер, дизайнерлер, жазушылар, композиторлар және т.б.);
Қажетті құжаттар тізімі
1. Өтініш берген сәтте қатысушы мен жұбайының Алматы қаласында тұрақты тіркеуін (прописка) растайтын құжат (egov.kz жүйесіндегі жеке кабинеттен өтініш иесінің, жұбайының ТАЖ және мекенжайы көрсетілген скриншот) – Бұл «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына керек емес;
2. Азаматтық хал актілері туралы құжаттар: некені тіркеу/бұзу туралы куәлік, соттың шешімі және ХҚКО алынған некеде жоқ екені туралы анықтама;
3. Балалардың туу туралы, тегі, аты, әкесінің аты өзгергені туралы куәліктер;
4. Қатысушыға, жұбайына және балаларына Қазақстан Республикасы бойынша Ф-6 анықтамасы (жылжымайтын мүліктің болуы туралы);
5. Жұмыс орнынан анықтама. Онда анықтама берілген күн, тіркеу нөмірі, жұмысқа орналасу күні мен лауазымы көрсетіліп, мекеменің мөрі басылуға тиіс. Анықтама «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына керек емес. Анықтама мерзімі құжаттарды тапсырған сәтте 10 (он) күнтізбелік күннен асып кетпеуі керек;
6. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар («Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларға қатысы жоқ);
7. Соңғы 6 ай ішіндегі зейнетақы аударымдары туралы egov.kz-тен алынған үзінді («Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына қатысы жоқ);
8. Құқық қорғау органдары саласының қатысушылары үшін ұйымның мөрі басылған қызметтік тізім;
9. Бұқаралық ақпарат саласы бойынша қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлік;
10. Өтініш пен құжаттарды берген сәтте Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мөрімен берілген анықтама;
11. «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары үшін қатысушы мен уәкілетті орган арасындағы тұрғын үйді жалдау шарты;
12.«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары үшін барлық тұрған уақытына жалдау ақысы мен соңғы айдың коммуналдық қызметтер үшін қарызының болмауы туралы түбіртектер;
13. Қатысушы немесе жұбайы Қазақстан Республикасы қарулы күштері қатарында 1 жылдан кем емес мерзімде әскерде болған жағдайда – Әскери билет (дәлелдеген жағдайда ұпай есептеледі).
«Алматы жастары» бағдарламаның шарттарына сай келмейтіндер, жастарға арналған өзге бағдарламаларға қатысып көруіне болады.