Арғын Нығматулиннің ісіне бауырының қатысы бар ма

Жарияланды
Арғын Нығматулиннің ісіне бауыры Нұрлан Нығматулиннің байланысы бар ма
Арғын Нығматулиннің ісіне бауырының қатысы бар ма/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке жақында іздеу жарияланған Арғын Нығматулиннің ісіне бауыры Нұрлан Нығматулиннің қандай да бір қатысы бар ма деген сауал қойылды.

«Бұл іс бойынша прокуратура жариялаған ақпаратты ғана білемін. Бұған дейін жымқыру ісі бойынша тергеу жүріп жатқаны, Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланды. Басқа ақпарат менің қолымда жоқ», – деді ол.

Шындалиев Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу барысындағы өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.

«Кез келген қылмыстық істің өз ерекшелігі бар. Қылмыстық қудалау органдары істің мән-жайын жарияламаса, бұл ақпаратты жасырып қалуға тырысып жатыр дегенді білдірмейді. Керісінше бұл объективті тергеуге кедергі келтіруі мүмкін», – дейді Шындалиев.

Бас прокурордың орынбасары Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғанын айта кетті.

Айта кетейік, 3 наурыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз