
Егер Қазақстан 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа (Net Zero) қол жеткізуді көздесе, онда 2030 жылдан кейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеруге лицензия беруді тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл туралы PACE Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаилов өз Telegram-арнасында жазады.
Мұнай қоры қанша?
Қазіргі мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда дәлелденген мұнай қоры 35 жылға жетеді. Яғни 2060 жылға дейін шығуы ықтимал. Сарапшы бұл мерзім аяқталғаннан кейін, мұнай тек ішкі тұтыну қажеттіліктерін жабуға ғана жетеді деп тұжырымдайды. Ал экспорт көлемі күрт төмендеуі мүмкін.
Алайда Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік – Қашаған кен орнын дамытудың екінші фазасы. Бұл жоба мұнай өндіру көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі бағалау бойынша, оның құны 50 млрд долларды құрайды. Осы себепті, бұл жоба жоғары табысты болып қала бермек.
Қазақстанның газ саласындағы мүмкіндіктері
Мұнай өндірісі азайған жағдайда, табиғи газ маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда газ өтпелі отын ретінде қарастырылып отыр. Егер 2030 жылдан кейін жаңа мұнай жобалары тоқтатылса, Қазақстанның газ өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлуі қажет.
Маманның айтуынша, Қазақстан газды терең өңдеуге басымдық беруі керек. Бұл газ-химия өндірісін дамытуға жол ашады. Полимерлер, метанол және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру арқылы елдің әлемдік нарықтағы орны нығая түседі.