
Үкімет жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын салық жеңілдігін алып тастауға ниетті. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенаттағы дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.
Министрлік жүргізген талдауы нәтижесінде жалпы құны 3,4 трлн теңге (6,9 млрд доллар) болатын 453 түрлі салық жеңілдігі анықталған. Оның ішінде 128 жеңілдікті жою ұсынылып отыр, олардың құны шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды.
Инвесторлар мен экспорттаушыларға жеңілдіктер сақталады
Сонымен қатар, ішкі өндірісті ынталандыру мақсатында 10% мөлшерінде төмендетілген табыс салығы енгізу көзделген. Ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындарға 300%-дық «супершеегерім» қолдану ұсынылады.
Инвесторларға арнайы салық жеңілдігі қарастырылған. Оларға ғимарат, құрылыс нысаны, техника, жабдық пен бағдарламалық жасақтама сатып алу немесе салу кезінде салық жеңілдігі беріледі. Сондай-ақ, қайта жаңарту, модернизациялау, күрделі және ағымдағы жөндеу шығындары да шегерімге жатқызылмақ.
Салықтық жеңілдіктерді реттеу жүйеленеді
Арман Қасеновтің айтуынша, жеңілдіктерді реттеу үшін нақты ережелер енгізілмек. Олардың берілу тәртібі, сараптау және алып тастау үдерісі заңнамалық актілер арқылы реттеледі.
Болашақта барлық салықтық жеңілдіктер салық есептілігі нысандарында көрсетілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға олардың тиімділігін бақылау міндеттемесі жүктеледі.