
8 наурыз – көктемнің ең жылы мерекелерінің бірі. Бұл күні ең басты сыйлықтардың бірі – гүл. Дегенмен гүл таңдағанда, олардың мән-мағынасына назар аударған жөн. Себебі әр гүлдің өзіндік символикасы бар.
Гүлдердің мән-мағынасы
Раушан гүлі – махаббат пен құрметтің символы
- Қызыл раушан – шынайы махаббат пен құштарлықты білдіреді. Сондықтан бұл гүлді сүйікті жарыңызға немесе ғашығыңызға сыйлаған жөн.
- Ақ раушан – тазалық пен пәктіктің белгісі, анаңызға немесе әпкеңізге беруге лайық.
- Қызғылт раушан – нәзіктік пен ризашылықтың белгісі, мұғалімдерге, әріптестерге немесе достарға сыйлауға болады.
- Сары раушан – қуаныш пен достықтың символы, жақын достарға немесе әріптестерге лайық.
Лалагүл (лилия) – нәзіктік пен тазалықтың белгісі
Лалагүлді анаңызға, әпкеңізге немесе құрбыңызға сыйлауға болады. Бұл гүл әйелдің әдемілігі мен нәзіктігін бейнелейді.
Қызғалдақ – көктем мен қуаныштың символы
Қызғалдақ – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде сыйлайтын ең танымал гүлдердің бірі.
- Қызыл қызғалдақ – сүйіспеншілік пен адалдықтың белгісі, сүйікті жарыңызға немесе ғашығыңызға сыйлауға болады.
- Сары қызғалдақ – қуаныш пен жылылықтың белгісі, мұғалімдерге, әріптестерге немесе жақын құрбыларға жарайды.
- Ақ қызғалдақ – тазалық пен нәзіктіктің символы, анасын қуанту үшін әдемі таңдау.
Хризантема – ұзақ ғұмыр мен құрметтің белгісі
Хризантемалар көбіне әріптестерге, басшыларға немесе үлкен кісілерге беріледі.
- Қызыл хризантема – табандылық пен сыйластықтың белгісі.
- Сары хризантема – шынайы достықтың символы.
- Ақ хризантема – адалдық пен пәктіктің белгісі.
8 наурызда гүл сыйлау – бұл тек дәстүр ғана емес, әйелдерге деген құрметтің белгісі. Дұрыс таңдалған гүлдер сіздің сезімдеріңізді дәл жеткізіп, мерекенің шырайын ашады. Жақындарыңызға қуаныш сыйлау үшін олардың талғамын да ескеріңіз.
Еске сала кетейік, бұған дейін 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесінің тарихы мен қызықты фактілері туралы жазған едік.