
Оңтүстік Кореяның Почхон қаласында әскери жаттығу кезінде KF-16 жойғыш ұшағы қателесіп, тұрғын үйлер орналасқан аймаққа 225 келілік сегіз бомба тастаған. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Оқиға салдарынан сегіз адам жарақат алды, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бомбалар жаттығу полигонынан тыс аумаққа түскендіктен, бірнеше үй қирап, шіркеуге зақым келген.
Оңтүстік Кореяның Әскери-әуе күштері болған оқиғаға байланысты кешірім сұрап, зардап шеккендерге қолдау білдіретіндерін мәлімдеді.
«Біз барлық қажетті шараларды белсенді түрде қабылдаймыз, оның ішінде шығынды өтеу мәселесі де бар», – делінген ресми хабарламада.
Жергілікті тұрғындар әскери жаттығулардың тұрғын үйлерге жақын жерде өтуіне ұзақ жылдан бері қарсылық білдіріп келеді. Бұл оқиға АҚШ пен Оңтүстік Кореяның 11 наурызда басталатын Freedom Shield атты ірі бірлескен әскери дайындық кезінде орын алды.