Lifestyle

8 наурыз қарсаңында қандай сыйлықтар қымбаттады

8 наурыз қарсаңында қандай сыйлықтар қымбаттады / фото: shutterstock

8 наурыз – көктемнің ең жарқын мерекелерінің бірі. Бұл күні аналарымызға, жұбайларымызға, әпкелеріміз бен қарындастарымызға құрмет көрсетіп, оларға сыйлық жасау дәстүрге айналған. Алайда соңғы жылдағы экономикалық өзгерістерге байланысты сыйлық бағалары едәуір қымбаттады. Freedom Life ӨСК мамандарының зерттеуі бойынша, Қазақстанда 2025 жылы 8 наурыз мерекесін тойлау бұрынғыдан қымбатқа түседі.

Инфляция және бағаның өсуі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында инфляция 9,4%-ға жетті. Бұл азық-түлікке, тұрмыстық қызметтерге, сондай-ақ мерекелік сыйлықтарға да әсер етті. Әсіресе, импорттық тауарлар, оның ішінде парфюмерия, зергерлік бұйымдар және гаджеттер қымбаттады.

Сонымен қатар ақылы қызмет көрсету бағалары бір жылда 14,1%-ға өссе, азық-түлік емес тауарлар 8,7%-ға, ал азық-түлік өнімдері 6,5%-ға көтерілген.

Ең көп қымбаттаған сыйлықтар

Freedom Life ӨСК мамандары Қазақстандық онлайн-дүкендеріндегі және туристік агенттіктердің ұсыныстарын зерттей келе, 8 наурызға арналған сыйлықтардың орташа бағасын есептеген.

Сыйлықтардың ең көп қымбаттаған түрлері:

  • Спа қызметтері – 21,2%-ға
  • Парфюмерия және косметика – 20,1%-ға
  • Алтын зергерлік бұйымдар – 19,4%-ға
  • Шетелде демалу – 20,2%-ға

Ал гүлдердің бағасы бір жылда 15,9%-ға өсіп, орташа баға 19 600 теңгені құрады.

Бағалар неге өсіп жатыр?

Freedom Life сарапшыларының пікірінше, бағалардың өсуіне бірнеше негізгі себеп бар:

  • Импорттық тауарларға тәуелділік – зергерлік бұйымдар, гаджеттер, косметика және парфюмерия негізінен шетелден әкелінеді. Теңге бағамының әлсіреуі олардың құнын арттырды.
  • Инфляция деңгейінің өсуі – жалпы нарықтағы бағаның тұрақсыздығы мерекелік шығындарға да әсер етті.
  • Сұраныстың артуы – мереке қарсаңында гүлдер, зергерлік бұйымдар, мейрамхана қызметтері секілді тауарлар мен қызметтерге сұраныс күрт өседі. Бұл олардың бағасының қымбаттауына алып келеді.

Қазақстандықтардың 8 наурызға жұмсайтын шығыны артады

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 2025 жылы 8 наурызды атап өту бұрынғыдан қымбатқа түседі.

2025 жылы 8 наурыз қарсаңында көптеген сыйлық түрлері қымбаттады. Әсіресе, косметика, зергерлік бұйымдар, шетелдік турлар, гаджеттер және мейрамхана қызметтері айтарлықтай қымбаттаған.

Бұған дейін, 8 наурызда гүлді қалай таңдау керектігі туралы жазған едік.