Абылай хан – хан тұқымы емес, мінез-құлқы да қазаққа ұқсамайды – тарихшы

Абылай хан – хан тұқымы емес, мінез-құлқы да қазаққа ұқсамайды. Тарих ғалымының докторы Клара Хафизова осындай тұжырым жасап отыр.
Алты алашқа танымал ұлы ханның жұмбағы жыл өте түскен сайын күрделене түсетіні байқалады. «Елу жыл зерттеп, Абылай ханның елу жұмбағын да шеше алмадым. Жыл сайын жұмбақ көбейіп жатыр», – дейді тарих ғылымының докторы.
Абылай хан тұлғасын қаршадайынан зерттеп жүрген Клара Хафизова тарихшы ғана емес, Қытай иператорлық мұрағатына кіріп, қазақ тарихына қатысты құжаттарды зерттеген танымал шығыстанушы. «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» атты кітап авторы. Онда Абылай хан туралы мол мәлімет бар.
Абылай хан Шыңғыстың ұрпағы емес пе?
Клара Хафизованың пікірінше, Абылай хан тұқымынан шықпаған. Өйткені оған негіз болатын деректер көп.
«Абылай ханның бір шикілігі бар. Менің зерттеуім бойынша, ол Жошы ханның ұрпағы емес. Мұны айтсақ, кейбір адамдар маған ренжиді. Бұған мен қатты таңғаламын. Қазақ тарихында ондай билеушілер болды. Өз күші, қарым-қабілетіне қарай, сұлтандардың қолдауымен көтерілген адамдар болды. Абылай хан – солардың бірі», – дейді ғалым.
Оның сөзіне қарағанда, Абылай ханның бәрін алдайтын қасиеті болды. Әрине, оның ішінде дипломатиялық қулықтар бар. Бірақ оның қулықтары Әбілхайырдай емес, тез әшкере болып қалатын көрінеді.
Абылай Әбілмәмбет ханды өте сыйлаған. Әбілмәмбет билік жүргізген жерлерді үшке бөліп, солтүстігін Абылайға, шығысын Әбілпейіс ұлына беріпті. Ал Түркістанда отырып, Жетісуды өзі биледі.
Бірақ Әбілмәмбет қайтыс болған соң, Абылай оның балаларына ешқандай сыйластық көрсетпеген. Әбілмәмбеттің баласы Болаттың абыройы Абылайдай болмаған.
Абылай неге ханталапай жасамаған?
Содан кейін Әбілмәмбет хан тұсында Абылайды «сен неге билікті өзің қолыңа алмайсың?» деп азғырып, орыстар ши жүгірте бастапты. Өйткені Әбілмәмбет Орынбор түбінде орыстармен бір мәрте ғана кездескен. Ал Ресей Абылай ханды жақсы білді. Алғырлығын бірден байқаған. Абылай хан кез келген сұрақтарға тез жауап беріп отырған. Ресей Абылайға қымбат сыйлықтар жібереді.
«Әбілмәмбет осындай дипломатиялық сыйлық алса, «ханталапай» жасайды. Яғни бәрін ежелгі дәстүр бойынша халыққа үлестіріп береді. Ал Абылай хан сыйлықтарын жасырып, ешкімге бермеген. Осындай ақсүйекке ұқсамайтын қасиеттері көп. Сауда жасаған, дүние-мүліктің құнын білетін халықтардың өкілін еске түсіреді. Ал қазақ ондай болмаған», – деп тұжырым жасайды тарихшы.
Абылайдың тағы да жұмбақ қыры
Әбілмәмбет саяси тұрғыдан жоңғарлардың керек екенін түсінді. Сосын балаларын оларға аманатқа жіберген. Мұндай балалардың ішінде Абылай да болған.
Мысалы, Әбілмәмбет аманаттарды ауыстыру үшін жоңғарларға адам жібереді. Олар келердің алдында жоңғарлар арасында еркін жүрген Абылай жоңғарлардан: «Мені аяқ-қолымды байлап, зынданға тастаңдар», – деп өтініш жасаған.
«Мұнысы да хан әулетіне тән емес. Тіпті қазақтың мінезіне ұқсамайды. Хан тұқымы ақсүйек ретінде өздерін ұдайы абыройын бәрінен биік қояды. Абылай хан болса, керек кезінде иіле салатын. Бірақ онысы ұзақ уақытқа созылмайтын. Қазақ ханының өкілдеріне өзінің зынданда жатқанын көрсеткісі келді», – дейді Клара Хафизова.
Абылай мұнымен: «Міне, көрдіңдер ме? Қиналып жатырмын», – деп өзінің абыройын көтермек болған. Ал Қалдан Серен Абылайға ешқандай зәбір көрсетпеген. Керісінше, оны пайдаланғысы келген. Тіпті, бір саудагердің қызын әйелдікке алып берген. Қалдан Серен одан Ресеймен қарым-қатынасын жақсартып, сауда-саттықты жолға қоюға жәрдем беруге шақырған.
Цин императоры неге Абылайды тұтқындауға бұйырды?
Клара Хафизованың пікірінше, Абылай хан туралы миф көп. Өйткені еліміздің тарихы ауызша айтылған. Сондықтан ол туралы әңгімелеген кезде, кейбір нәрселердің зорайып, кейбір нәрселердің кішірейіп кетуі заңдылық.
«Қытай деректерінен Абылай хан туралы көп мағлұмат таппадым. Бірақ императордың «Абылайханды қалай болса да, тұтқынға алыңдар» деген хатын таптым», – дейді тарихшы.
Бірақ Боғдыханның әміріне қарамастан, шүршіт әскері қазақ жеріне басып кірген кезде: «Қазақтар бізге дұшпан емес. Біз тек қашып жүрген жоңғар билеушілерін ғана қуып жатырмыз», – деп жақауратқан. Тек қана Жоңғар әміршілерін ұстап беру туралы сөз қозғаған.
Әрине, әңгіме Жоңғар хандығының тақмұрагері Әмірсана туралы болып отыр.
Абылай жоңғар Әмірсананы неге шүршіттерге бермеген?
Бірақ Абылай хан Цин империясының Әмірсананы қайтару туралы талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты.
Әмірсана қазақтарды паналаған алғашқы жоңғар билеушілері әулетінің мүшесі емес екен.
«Жоңғариядан қазақ даласына, атап айтқанда, Аягөз жақтағы Қожаберген батырдың ауылына Дауачи қашып келген. Ол – қонтайшы Қалдан Сереннің туған жиені», – дейді тарихшы.
Ғалымның мәліметінше, Абылай жоңғарлардың қолында тұтқын болған кезде, Әмірсанамен арасынан қыл өтпейтін дос болған. Сосын олар мәңгі дос болуға ант берген. Шыңғысхан дәуіріндегідей қолдарын пышақпен кесіп, қандарын араластырып, бірін-бірі әрқашан қолдауға серттескен.
Сондықтан Абылай Цин империясы қалың қолын қаптатып, қатер төндірсе де, антын бұзбаған.
«Ол Әмірсананы шүршіттерге бермеді. Бергісі де келмеді. Керісінше, Әмірсанамен бірігіп, шүршіттерге қарсы күресті. Өйткені, жоңғар досының қолында зеңбіректер болды. Жоңғарлар зеңбірек жасауды Сыбан Раптан дәуірінен бері меңгерген еді. Қазақтарда мұндай зеңбіректер болмады», – дейді тарихшы.
Жоңғар қазақтың ата жауы емес
Клара Хафизованың сөзіне қарағанда, жиі қақтығысып тұрғанымен, жоңғарлар қазақтың қас жауы болмаған.
«Біздің бір қатеміз бар. Біз қалмақтарды, жоңғарларды тек қана ата жау көреміз. Бұл дұрыс емес. Өйткені, Қазақ хандығында да жоңғарлар тұрған. Буддаға сенген рулар да болған. Жоңғар хандығында да қазақтар болған. Ол уақытта қазіргідей шекара болмаған. Бір таудың немесе өзеннің бір жағында қазақтар, бір жағында қалмақтар тұрған», – дейді шығыстанушы.
Ол кезде Ресей алыста. Бұл ел енді ғана алғашқы қадам жасап жатты. Оның өзінде де тек қана солтүстікте. Ал Жетісу, Орталық Азияға Ресейдің қолы жетпеген.
«Қазақтардың астанасы Түркістан болды. Ал Түркістан мәселесіне ХVІІІ ғасырда Ресейдің ешқандай қатысы болған жоқ. Жоңғарлармен жақсы тұрсаң, Түркістан сенің қолыңда болады», – дейді тарихшы.
Абылай ханның Цин императорына жазған алғашқы хаты
Тарихшының айтуынша, Цин империясының өзге елдермен барлық қатынасы әскери диуанның қолында болған. Сондықтан құжаттар сол жерде сақталған.
«Мен сол қордың құжаттарын көрдім. Көне тілде жазылған. Қағаздар өте жұқа. Деректер екі тілде жазылған. Кең, көп мағлұмат шүршіт тілінде жазылыпты. Біразы қытай тілінде», – дейді ғалым.
Десе де, Абылайхан туралы деректерді тек қана Қытайдың тарихи құжаттарынан алу жеткіліксіз. Өйткені, Абылайхан туралы деректер Ресей мұрағаттарында да бар.
«Алайда Абылай ханның Қытай императорына жазған алғашқы хатының түпнұсқасын таба алмадық. Бірақ Абылай ханның Цин империясымен шайқасқаны анық», – дейді Клара Хафизова.
Бұл деректерге неге сенуге болмайды?
Тарихшының айтуына қарағанда, Қазақ хандығының өз ерекшелігі бар. Қол бастаған адамға уақытша хан деген дәреже берген. Соғыс біткенше «хан» деген атаққа ие болады.
«Бірақ Абылай бүкіл қазақ даласында билік жүргізген хан емес. Уақытша лауазымға ие болды. Ал шүршіттер оны қазақ ханы деп ойлаған. Олардың әскер басшыларын тыңдасаң, олар ұдайы жеңіп отырған сияқты. Рапорттары сондай. Ал шындығында жағдай мүлде ондай болмауы мүмкін», – деп ой қорытады шығыстанушы.
Сонымен қатар, Абылай ханның бүкіл Қазақ хандығының атынан сөз айтуға ешқандай құқығы болмаған. Ол – тек қана әскердің қолбасшысы. Тарихшының пайымдауынша, шүршіттер Абылай ханның дәрежесін әдейі көтеріп, «қазақтар бізге бағынды» деп ақпар беруі мүмкін. Шын мәнінде, Абылай хан ұрыста жеңілгенін ғана мойындаған.
Абылай хан – кім болса да, қазақ тарихындағы ұлы тұлға
Тарихшының пікірінше, Абылай – өте прагматик, пысық болған адам. Адамдардың ойын тез ұғады. Дипломатияда да ілкімді. Қай уақытта не айту керек екенін жақсы білетін.
«Ол бірінші өзін ойлады. Сосын әулетін ойлаған. Бірақ Қазақ хандығы Абылай үшін де қымбат болды. Өйткені билік жүргізген жері», – дейді шығыстанушы.
Ғалымның пікірінше, Абылай хан тұлғасы әлі де зерттеуді керек етеді. Ол да – адам. Кемшілігі де, артықшылығы да бар.
«Әбілмәмбет пен Төле бидің сеніміне ие болған. Бірақ ол да ақырында тағынан тайып, жер аударылды. Оны жасаған – Қазыбек бидің ұрпақтары. Бірақ тағынан тайса да, баласы Уәлиді орнына отырғызып үлгерді», – дейді Клара Хафизова.
Қазақ қоғамында ханның құзіреті шектеулі болды
Оның дерегінше, Қазақ хандығында адамдарды жазалау мәселесі ханның қолында болмаған. Хан қарапайым адамдарды да жазаға тарта алмаған. Оған ешқандай құзыры жоқ. Оның билігі – билердің қолында. Абылай бір адамды жазалап, билердің наразылығына тап келген.
«Абылай хан Ресей мен Қытай жіберген грамоталарды ешқашан өз қолымен алмаған. Ресей Орынборға шақырғанмен, ол бармаған. Ол ешкімге сенбеген. Ресейге де, Цин империясына да. Өзінің ордасында ғана екі империяның өкілдерін қарсы алатын. Абылай хан Орынборға барса, қайтып келмейтінін сезді. Шүршіт Боғдыханның «ұстаңдар» деген бұйрығын да ешқашан ұмытпаған», – дейді тарихшы.
Мұның алдында Қоқан хандығына қарсы күрескен Мұсабек батыр мен Сапақ датқа туралы жазған болатынбыз.