Шенеуніктердің шулы істері

Шенеуніктердің шулы істері қоғам назарын бірден бұратыны анық. Былтыр бірқатар лауазымды қызметкерлер ұсталды.
Құқық қорғау органдарының назарына іліккендердің ішінде аудан әкімдері, басқарма басшылары және билік партиясының өкілдері де бар. Жалпы, 2024 жылдың аяғына таман сотқа дейінгі тергеу базасында 2 098 сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген. Оның 1 595-і ауыр, 89-ы өте ауыр қылмысқа жатқызылған.
Kursiv Media соңғы кездері елді дүрліктірген шенеуніктердің шулы істері тізбесін жасады.
Азат Момынов ісі
2024 жылы 5 ақпанда Азат Момынов – Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы әкімдік мәжілісі кезінде ұсталды. Келтірілген күдік – шаһардың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет ақшасын жымқыру. Шенеуніктердің шулы істері былтыр осы оқиғадан басталып отыр.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, қолды болған қаражат көлемі – 120 млн теңге. Ол бұл ақшаға анасының атына Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салған.
Серікхан Жақыпов ісі
2024 жылдың тамыз айында Серікхан Жақыпов ұсталды. Ол әйелінің жиеніне зорлық әрекет жасағаны үшін күдік келтірілді.
Серікхан Жақыпов 2020 жылға дейін Жетісу облысы Ақсу ауданы әкімінің аппаратына басшылық еткен. AMANAT партиясынан сайланған бұрынғы депутат. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер арасында этика жөніндегі уәкіл болған.
2025 жылы 28 ақпанда өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға жұрттың жағасын ұстатты.
Бағдат Қарасаев ісі
2024 жылы 3 қыркүйек тағы бір шенеуніктердің шулы істерінің бірі белгілі болды. Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталды. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қамауға алған.
Бағдат Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдық қыркүйек айынан бастап басқарып келген-ді. Бұрын Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласының әкімі, облыс әкімінің аппаратының бастығы болды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қарасаевқа қатысты іс 2019 жылы болған оқиғаларға байланысты қозғалған.
Болат Мажағұлов ісі
2024 жылы 10 қыркүйекте Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды. Оған елордадағы субұрқақ құрылысын салу кезінде 1 млрд теңге жымқырды деген күдік келтірілді. Астана әкімдігі бұл субұрқақты бұзып тастады. Өйткені оны қалпына келтіру жұмыстары қымбатқа түседі.
2024 жылы 31 қаңтарда Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды.
Ол 2010-2019 жылдары Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасын басқарды.
Тимур Сәдуақасов ісі
2025 жылы 17 ақпанда Ақтау қаласы әкімінің экс-орынбасары ұсталды. Оны өзбек шекара қызметі қолға түсірген.
Бұрынғы шенеуніктің үстінен оңтүстік көршіміз «Өзбекстанға заңсыз кірді» деп қылмыстық іс қозғалды. Қазақстанда Тимур Сәдуақасовқа алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылып отыр.
Ол бір кәсіпкерден 90 млн теңге пара алып, уәдесін сол күйі орындамай кеткен. Садвақасов 2025 жылғы 5 ақпаннан бері іздеуде жүрген еді. Биылғы шенеуніктердің шулы істерін осылайша Тимур Сәдуақасов аяқтап отыр.
2023 жылы ұсталғандар
2023 жылы Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынған болатын. Облыстық прокуратура мәліметінше, 2020-2022 жылдары жер учаскелерін заңсыз берген.
Сондай-ақ сол жылы Алматы облысы Есік қаласының әкімі Асхат Ансатбаев пара алды деген күдікке ілінді. Экс-әкімі өз кінәсін толық мойындаған.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп, үш жылға сотталды. Ол кәсіпкерден 1,8 миллион теңге алыпты.
Қанша адам қызметінен кетті?
Қазақстанда қарамағындағылардың істі болғаны үшін саяси қызметшілердің отставкаға кетуін көздейтін заң қабылдаған. Айта кететін жайт, соңғы дерек бойынша, яғни 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап былтырғы қазан айына дейінгі аралықта 36 саяси қызметші қарамағындағылардың пара алғаны үшін отставкаға кетпек болыпты. Бірақ тек 16 адамның өтініші қабыл алынған. 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бұл заң шенеуніктердің шулы істеріне тыйым болмай отыр.