Макрон Украинаның капитуляция жасауына қарсы болып отыр

Жарияланды
Фото: Justin Tallins / Reuters

Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаның Ресеймен бітім жасауына қарсы шықты. Le Figaro жазуынша, ол «кез келген бағамен және Ресейдің нұсқауымен құрылмауы керек, сондай-ақ Украина капитуляциясының нәтижесі болмауы тиіс» деген пікірде.

«Ресей – Франция мен Еуропаға қауіп төндіріп отыр. Мен сіздерге сипаттап отырған жағдай осындай және біз мұны қабылдауымыз керек. Ал бейбітшілікке жету жолы Украинасыз мүмкін емес», – деді Франция президенті ұлтқа жолдауында.

Осы мәселені басқа еуропалық көшбасшылармен де талқылайтынын атап өтті.

«Мен [ядролық тежеу саясаты] бойынша стратегиялық пікірталастарды біздің еуропалық одақтастарымызбен бастауды жөн көрдім. Қандай жағдай болмасын, шешім бәрібір қабылданып, Франция президентінің, қарулы күштердің бас қолбасшысының қолында қалады», – дейді Макрон.

Франция президентінің сөзінше, келесі аптада Парижде Украинадағы болашақ бейбітшілікті қамтамасыз етуге дайын елдердің қорғаныс министрлері жиналады. «Украинада бейбітшіліктің тез орнаған-орнамағанына қарамастан, олар өзін қорғай алатындай болуы керек».

Бұған дейін Макрон италиялық Foglio және француздық Figaro басылымдарына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трампқа Украинадағы атысты дереу тоқтату ұстанымын қайта қарауды ұсынғанын растады. Ұлыбритания премьері Кир Стармермен бірге әуе және теңіз кеңістігіндегі операциялар үшін бір айлық бітім жариялап, екі тараптың да энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруден бас тартуын ұсынған.

Күні кеше ғана Владимир Зеленский Трамппен арадағы кездесудің сәтсіз өткеніне өкініш білдірген. Соғысты тоқтату үшін америкалық президентпен қайта жұмыс істеуге дайын екенін де айтты.

Сондай-ақ оқыңыз