Жаңалықтар

Ұлттық Банк Ұлттық қор ақшасына алған акцияларды «Самұрық-Қазынаға» қайтарып берді

ҚазмұнайГаз
Ұлттық банк «Самұрық-Қазынадан» алған акцияларын өздеріне қайтарып берді / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк Ұлттық қордың ақшасына Қаржы министрлігінің пайдасына деп «Самұрық-Қазынадан» сатып алған «ҚазМұнайГаз» және «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын қайтадан «Самұрық-Қазынаның» басқаруына берді. Бұл туралы Kursiv тілшісі жазады.

Бұған дейін 2023 жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан алған 1,3 трлн теңгеге қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаздың» 122 млн акциясын сатып алған еді. Бұл компаниядағы жалпы акцияның 20%-ы. Ал қалған 58,4 млн акциясы Ұлттық Банкке тиесілі.

Ал 2024 жылы Ұлттық қордан бөліншен 467 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіптің» 31,1 млн акциясын қаржы министрлігіне сатып алған еді. Екі жағдайда да бюджет тапшылығы себеп болды. Енді аталған акциялар «Самұрық-Қазынаның» сенімгерлік басқаруына жіберілді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, сенімгерлік басқарушы («Самұрық-Қазына») компанияның басқару процесіне қатыса алады, бірақ акциялардан түсетін дивидендтер мен өзге де табыстар акциялардың меншік иелеріне берілуі тиіс. Бұл дегеніміз, «Самұрық-Қазына» ҚМГ мен ҚАП басқаруды өз қолына алғанымен, Ұлттық банк басқарудан түсетін барлық экономикалық пайдасын сақтап қалады.

Ұлттық банк бұл шешімді не үшін қабылдағаны туралы ресми түсініктеме берген жоқ. «Курсив» басылымы бұл сұрақ бойынша Ұлттық банкке сұрау жолдады, алайда материал жарияланған сәтке дейін жауап келмеген.

2025 жылдың екі айында Ұлттық қордағы қаражат көлемі 480,5 млрд теңгеге немесе 1,45%-ға азайды. Аталған аралықта қорға 520,3 млрд теңге түскен, бірақ қордан алынған қаражат екі есе көп, 1 трлн теңгеден асады.