Жаңалықтар

Жауапсыз бюрократтар: Трамп АҚШ білім министрлігін таратады

Дональд Трамп АҚШ білім министрлігін тарату жөнінде жарлық шығарады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп бүгін, 6 наурызда АҚШ білім департаментін тарату жөнінде жарлық шығарады. 4,5 мыңға жуық қызметкер істейтін министрлік бүгін жабылуы мүмкін.

Бюрократия жайлаған аппарат

Жарлық жобасымен танысқан The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, мекемені жабу жұмысы білім министрі Линда Макмэхонның өзіне жүктеледі.

Мұндай жарлық Трамп биыл қаңтарда билікке келген сәтте әзірлене бастаған. Жаңа әкімшілік министрлікті жабу мәселесін қарап жатқанын The Journal ақпанның басында жазған.

«Жауапсыз бюрократтардың америкалық білім беру ісіне федералдық бағдарламалар мен доллар арқылы бақылау орнату тәжірибесі балаларымызды, мұғалімдерімізді, отбасымызды жарға жықты», – деп жазылған жарлық жобасында.

Сол кездің өзінде құжатқа «алдын ала қабылданды» дегенді білдіретін белгі қойылған.

Апта басында Сенат Линда Махмэхонды білім министрі қызметіне бекітті. Артынша шенеунік қызметкерлерге электронды хат жолдап, бюрократия жайлаған аппаратты, яғни білім министрлігін тарату – соңғы маңызды миссиямыз деп жазған.

Трамп әрекетіне кімдер қарсы?

Білім министрлігін толық тарату үшін 60 сенатордың дауыс беруі жеткілікті дейді заңгерлер. Жарлық жобасында Конгресс туралы ештеңе жазылмаған.

Сенатта жаңа министрді бекіту кезінде Макмэхон білім беру ісіне қатысты федералдық бағдарламалар қысқармайтынын, Трамп оларды одан сайын тиімді етуді көздейтінін мәлімдеген.

АҚШ білім департаментін 1979 жылы президент Джимми Картер мен Конгресс құрған. Содан бері консерваторлар осы мекемеге жиі шүйлігіп келеді. Олар экс-президент Джо Байденнің студенттер несиесін кешіруін де қатты сынаған. Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде білім министрлігін жабуға уәде берген.

2024 жылғы мәліметке қарағанда, АҚШ білім департаментінде шамамен 4500 қызметкер істейді. Ол үкіметтегі ең шағын мекемелердің бірі.

Сауалнамаға қатысқан америкалықтардың дені әкімшілік әрекетін құптап отырған жоқ. Демократтар да мұндай қадамға қарсы шыққан.

Қазақстандағы білім беру жүйесі

Республикада 21 министрлік бар болса, солардың екеуі білім беру жүйесін жоғарыдан қадағалайды. Олар: Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Екіншісі 2022 жылы құрылған. Ол жоғары білім, тіл саясаты, ғылым салалары және бұл салалардағы цифрландыру мәселелеріне жауап береді. Министрлік штаты231 адам.

Оқу-ағарту министрлігіне 395 штат бөлінген. Алайда, үкіметтің 2024 жылғы мәліметіне қарағанда, министрлік қызметкерлері саны 300-ге жетпейді.