Қазақстанда «Наурызнама» онкүндігі басталады: оның дәстүрлі мерекеден айырмашылығы неде

14 наурыз күні Қазақстанда жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі басталады. Мәдениет және ақпарат министрлігі онкүндік мерекеге қызу дайындық жүріп жатқанын және бұрынғыдан өзгеше болады деп сендірді.
2024 жылы Президент Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілген болатын. Министрліктің мәліметінше, «Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді.
«Мерекенің онкүндік форматы фестиваль циклін құруға мүмкіндік береді, онда күн сайын туристерге қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, музыкасын, қолөнері мен заманауи өнерін таныстыратын жаңа қызықты іс-шаралар ұсынуға болады.Биыл Наурызнама онкүндігі аясында еліміз бойынша халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған», – деп хабарлады ведомство.
Онкүндік аясында Астана қаласында «Қамажай» флешмобы өтеді.
Ал Ақмола облысында креативті индустрия өкілдері мен қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы ұйымдастырылады.
Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын «Кимешектер шеруі» болады.
Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты ұлттық киімдер шеруі өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі елде 14-23 наурыз күндері аталып өтіледі.
14 наурыз — «Көрісу – Амал мерекесі» (аман-саулық сұрасып, ағайынмен кездесулер және игі тілектер күні);
15 наурыз — Қайырымдылық күні (қайырымды істер күні);
16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні (ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет күні);
17 наурыз — «Шаңырақ күні» (отбасы күні);
18 наурыз — Ұлттық киімдер күні;
19 наурыз — Жаңару күні;
20 наурыз —Ұлттық спорт күні;
21 наурыз — Ынтымақ күні;
22 наурыз — Жыл басы;
23 наурыз — Тазару күні.