
25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қазақстанда қанттың бағасы 1,4%-ға қымбаттады. Мамандар қант құнынынң апталық өсім көрсетуі сирек кездесетінін айтады. Соңғы рет осындай өсім өткен жылдың сәуір айында тіркелген, ал оған дейін – 2022 жылдың тамызында байқалған.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сенсек, республиканың кейбір өңірінде қант бағасы бірден шарықтап кеткен. Ең жоғары өсім Өскемен, Павлодар және Петропавлда байқалады, бұл қалаларда баға бір апта ішінде 3,4%-ға көтерілген.
«Қазақстанда сатылатын тазартылған қанттың басым бөлігі шетелден, негізінен Ресейден әкелінеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі қант ресурстарының 26%-ын отандық өндіріс қамтамасыз етті. Бұл көрсеткішке кейде отандық өндірушілер сынға алатын көлеңкелі импорт кірмейді», – деп мәлімдеді Бірінші кредиттік бюро.
Бюро мәліметінше, қант бағасының қымбаттауы қаңтардың ортасынан басталып, қатарынан жеті апта бойы жалғасып келеді.
Жыл басынан бері халық көп тұтынатын азық-түлік тауарының бәрі дерлік қымбаттады. Атап айтқанда, картоп бағасы бір айдың ішінде 17,8 пайызға, ақ қырыққабат 8,2 пайызға, күнбағыс майы 4,4 пайызға, ал сиыр еті 2,7 пайызға көтерілген.
Айта кетейік, «Голдбридж халықаралық компаниясы» Атырау өңірінде ірі қант зауытын салмақшы. Өндіріс орны жылына 144 мың тонна қант шығарады деп жоспарланып отыр. Бұл зауыт ішкі нарықтағы қантқа деген сұранысты қанағаттандыру үшін салынады. Жоба құны 58 млрд теңге деп бағаланып отыр, жаңа 200 жұмыс орны ашылуы керек.