
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері, Парламентте үш мыңға тарта заң қаралған. Азаматтық құқық саласына маманданған заңгер, жеке құқық профессоры Марат Ахмади оның ішінде тек екі заң ғана қазақ тілінде жазылғанын, қалғаны әуелі орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылғанын айтады.
KursivMedia тілшісімен сұхбаттасқан маман бұл мәселенің қайдан шыққанын және қалай шешуге болатынын айтты.
«Елімізде заң әуелі орыс тілінде жазылып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Осы тұста оны кім аударады деген сұрақ туындайды. Қазір заңнаманы лингвистер аударып жүр. Соның салдарынан бір термин екі заңда екітүрлі жазылады. Қазір заңды аударсақ та, құқықты талдасақ та қолымызда құжаттың орыс тіліндегі нұсқасы тұрады. Соған өлшеп жазамыз. Заңдағы, жалпы қолданыстағы калька тіркестер осыдан шығады», – дейді Ахмади.
Маман заңдағы терминдерді аударған кезде орыс тілімен шектелмей, ағылшын, неміс, түрік тіліндегі нұсқасына да сүйенуге кеңес берді.
«Азаматтық құқық» деген – орныққан тіркес. Ол да Ресейден алынған. Атауында қате жоқ, бірақ кодексті ашып оқысаңыз, калькадан бастап, өте көп қате бар. Азаматтық құқықтан бөлек, Қазақстандағы ең басты заң – Конституцияны алсақ, оған тәуелді актілерде қате көп. Кез келген заңнан қате тауып бере аламын. 30 жылда Конституция қаншама рет өзгерді. Мұны терминология жағынан да қарауға болатын еді. Қазір ашып қарасаңыз, терминология және құқық жағынан ондаған қате табуға болады», – дейді заңгер.
Марат Ахмади 1991 жылдан бері Парламентте 3 мыңға тарта заң қаралғанын, оның екеуі ғана қазақ тілінде шыққанын айтты. Ол – «Халықтың көші-қоны туралы» заң және «Тіл туралы» заң.
«Бұдан басқа қазақ тілінде жазылған заң жоқ. Бәрі орысша жазылып, аударылған. Қате осыдан шығады. Мәселе заңның қазақ тілінде жазылмауынан басталады. 2023 жылдан заңды қазақ тілінде жазу дәстүрі басталып келеді. Мұны тек Қазақстандағы мәселе деп жүрсек, бұл посткеңестік елдердің бәрінде бар проблема екен. Өзбекстанның бізге қарағанда мемлекеттік тілге деген бетбұрысы жақсы деп айтамыз. Оларда «шала өзбек» деген түсінік жоқ, халқының басым бөлігі мемлекеттік тілінде сөйлейді. Соған қарамастан, оларда да дәл осы мәселе бар, себебі маманданған терминология жоқ. Оларда да заң орысша жазылып, өзбек тіліне аударылады», – деді Марат Ахмади.
Маман заң шығару жүйесі түбегейлі ауысуы керек деп санайды.
«Заң шығарушы орган – Парламент, әрі қарай қарасақ, жұмысты үйлестіруші – әділет министрлігі. Салалар бойынша басқа да министрліктер заң шығарады. Бірақ заңды шығаратын кезде заңгер мамандарға, профессорларға жүгінбейді. Оның орнына Ресей нұсқасын үлгі етіп алады. Заң саласындағы реформаларды да Ресейден қарайды. Сот, адвокат, заңгер де орысшасына қарап жұмыс істейді. Себебі түпнұсқасы орысша. Тек қана қазақшасымен жұмыс істесеңіз, қатеге ұрынасыз», – дейді ол.
Маман бұл мәселе келешекте жүйеленетінін айтады. Алайда қазақша жазылмаса, аударма заңмен алысқа бара алмаймыз деп отыр.