Жаңалықтар

АҚШ азаматы 3 жасар баласын қазақ әйелінен қайтара алмай жүр

АҚШ азаматы бұрынғы әйелі баласын Қазақстанда заңсыз ұстап отыр деп мәлімдеді
АҚШ азаматы 3 жасар баласын қазақ әйелінен қайтара алмай жүр/Фото: Kursiv.media

Алматыда Гарро Гийом Жозеф есімді АҚШ азаматы баспасөз жиынын өткізіп, бұрынғы әйелі Сана Гарро Онаевадан бір жылдан бері баласын қайтара алмай жүргенін айтты.

Мән-жайы

Кейінгі жиырма жыл бойы Америкада тұрып, сол жақтың азаматтығын алған Сана Гарро Онаева есімді Қазақстан тумасы АҚШ азаматына тұрмысқа шыққан. Басында бәрі жақсы болған. Сана заңгер, алып Facebook пен Google компанияларына құқықтық көмек көрсетеді. Гарро Гийом Жозеф те қаражаяу емес. Белгілі IBM компаниясы үшін зерттеу жүргізумен айналысады. Алайда ерлі-зайыптылар үш жылдан соң ажырасуға шешім қабылдайды. Екеуінің ортақ баласы бар. Онаева осыдан бір жыл бұрын баласымен Қазақстанға келіп, АҚШ-қа қайтпай қояды.

Адвокат сөзі

АҚШ азаматының адвокаты, заңгер Абзал Қасымжановтың сөзінше, Онаева Қазақстан соттарына АҚШ-қа қайтпай отырғанының себебін экc-күйеуінен зәбір көріп, зорлыққа ұшырағанымен түсіндірген. Алайда адвокат Онаева сөздерінің ешқандай дәлелі жоқ екенін айтады. Керісінше, «Онаева өзінің қорғауындағы азаматқа зорлық көрсетті әрі ол заң жүзінде дәлелденген» деп отыр.

«Бізде Сана Онаеваның бірінші және екінші күйеуіне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәселе көтерілгені жөнінде мәліметтер бар. Яғни, олардың екеуі де Сана тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, бұл мәселені көтергені расталған. 2023 жылғы 15 ақпанда Калифорния штатының Жоғарғы соты Сан-Франциско қаласында Гарро Гийом Жозефті Онаеваның зорлығынан қорғау туралы бұйрық шығарған», – дейді ол.

пожалуйста укажите «Бізде Сана Онаеваның бірінші және екінші күйеуіне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәселе көтерілгені жөнінде мәліметтер бар. Яғни, олардың екеуі де Сана тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, бұл мәселені көтергені расталған.»

АҚШ азаматы не дейді

Гарро Гийом Жозеф бұрынғы әйелі Сана Гарро Онаеваны эмоционалдық тұрғыда тұрақсыз адам ретінде сипаттап, онымен еш байланыс орната алмай отырғанын айтады.

«Қазіргі уақытта ұлымның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұр. Өйткені балам Максимилен Алихан Франко аутизммен ауырады. Сана ұлымды қажетті күтім мен балабақша білімінен айырып отыр. Баламның денсаулығына, эмоционалдық-психикалық жағдайына алаңдаймын, – дейді ол.

Онаеваны іздеу

Абзал Қасымжанов АҚШ пен Қазақстандағы сот шешімдері бойынша бала әкесіне қайтарылуы керек екенін айтады. Оның сөзінше, АҚШ органдары “бала ұрлады» деген күдікпен Онаеваны тұтқындауға ордер беріп, іздеу жариялаған. Ол Онаеваға енді Қазақстанда да іздеу жарияланатынын, қазіргі уақытта оның қайда жүргені белгісіз екенін жеткізді.

«2025 жылдың 7 ақпанында жеке сот орындаушысы Елтоков А.С., Сана Гийом Онаеваны іздеуге қатысты қаулы шығарды, ол қаулыны прокуратура мақұлдады. Аталған қаулы Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция бөліміне орындалуға жіберілді», – деді адвокат.

Гарро Гийом Жозеф пен оның адвокаты Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына кәмілетке толмаған Максимилен Алихан Франконы іздеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды сұрайды.

Бұған дейін баспасөз беттерінде Сана Гарро Онаева Жоғарғы сотқа Алматы Ювеналдық сотының «баласын әкесіне беру» туралы шешіміне шағымданатыны туралы ақпарат шыққан.

Kursiv.media тілшісі Сана Гарро Онаевамен байланыс орната алмады. Онаева тарапы алдағы уақытта мәселеге байланысты пікір білдіргісі келсе, Kursiv.media олардың да нұсқасы мен уәжін жариялауға дайын.