
Теңге бағамы 7 наурызда біршама нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта 1 АҚШ доллары бірден 2,07 теңгеге арзандап, орташа бағам 496,26 теңге деңгейінде қалыптасты. Ал сауда күнінің соңына таман доллар тіпті 490,8 теңгеге сатылған.
kurs.kz сайтының мәліметі бойынша, Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 495-496 теңгеден саудаланып жатыр.
Ұлттық валютаның нығаюына базалық мөлшерлеменің көтерілуі мен доллар индексінің төмендеуі әсер етті. Сонымен қатар, әлемдік нарықта мұнай бағасы да төмендеп жатыр.
Бұған дейін Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов теңге неге рубльмен қатар нығаймайтынын түсіндірді. Сүлейменовтің айтуынша, Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы Ресей экономикасына және рубльге оң әсер етуі мүмкін, бірақ бұл Қазақстанға айтарлықтай ықпал етпейді.
«Ресейдің қаржы жүйесі – өз алдына бөлек жүйе. Қазақстанның экономикасы мен қаржы жүйесі де дербес. Сондықтан теңге мен рубльдің бағамы үнемі 5:1 деңгейінде сақталады деп айту дұрыс емес. Иә, тарихи тұрғыдан алғанда, бізде осындай арақатынас болды. Бірақ валюта бағамдары қысқа мерзімді өзгерістерге ұшырайды», – деді ол.
Журналистер Ұлттық банктің ұстанымында қарама-қайшылық бар екенін атап өтті. Өйткені бұған дейін теңге әлсірегенде, Ұлттық банк мұны рубльдің құлдырауымен байланыстырған еді.
Осыған жауап ретінде Сүлейменов теңге мен рубль тікелей тәуелді емес, тек Қазақстан мен Ресей экономикасы бір-бірімен байланысты екенін айтты. Ол Ұлттық банк теңге бағамын реттемейтінін және оның нарықтық әрі экономикалық факторларға тәуелді екенін жеткізді.
«Біз теңгені әдейі әлсіретіп немесе күшейтіп отыр деген ойдан арылу керек», – деді Сүлейменов.
Бұған дейін кейбір экономистер Ұлттық банк теңгенің рубльмен бірге нығаюына жол бермей отыр деген пікір айтқан болатын.
Halyk Finance сарапшылары наурызда доллар бағамы 505-515 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжам жасады.