Банк пен қаржы

Әлемдік банктер климаттық мақсаттарынан бас тарта бастады ма

банктер
Дүниежүзілік банктер климаттың өзгеруімен күресе ме? \ Фото: kursiv.media

Соңғы уақытта әлемдегі ірі банктер өздерінің климаттық міндеттемелерін өзгерте бастады. Бұл, ең алдымен, көміртекті көп қажет ететін салаларды қаржыландыруды қысқарту және экологиялық таза инвестицияларға көшу мәселесіне қатысты деп хабарлады Bloomberg.

Бұған не түрткі болды?

2024 жылдың қазан айында Morgan Stanley аяқ астынан климаттық бағыттарын қайта қарайтынын хабарлап, құжаттарына өзгерістер енгізді. Бұл жағдай Net-Zero Banking Alliance (NZBA) мүшелері арасында қызу талқыға түсті. Аталған альянс банктердің жаһандық жылынуды 1,5°C-тан асырмау мақсатында істеген жұмысын қадағалайтын топ.

Сонымен қатар 2024 жылдың желтоқсан айында Wells Fargo және Goldman Sachs осы топтан шықты. Олар климаттық бағыттарға байланысты саяси қысым мен заңды тәуекелдерден қауіптенетінін айтты. Ал 2025 жылдың басында Bank of America және Citigroup та осы альянстан шығатынын мәлімдеді.

2025 жылғы ақпанда HSBC 2030 жылға қарай атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтардың деңгейін 0%-ға жеткізу мақсатынан бас тартты. Олар экономиканың өзгеру қарқыны тым баяу екенін және қаржыландыратын компаниялардың мүмкіндіктері шектеулі екенін алға тартты.

Банктер климаттық міндеттемелерін қайта қарауының екі негізгі себебі бар

Атап айтқанда:

Біріншісі, саяси қысым. АҚШ-та және басқа да елдерде тұрақты даму бастамаларына қарсы пікірлер күшейді. Консервативті саясаткерлер банктерді мұнай-газ сияқты дәстүрлі салаларды қаржыландырудан бас тарту арқылы экономикалық дамуды тежеп жатыр деп айыптауда. Тіпті кейбір штаттарда банктерге қарсы шектеулер енгізілуде.

Екіншісі, экономикалық шындық. Банктер көміртекті көп қажет ететін салалардан бірден бас тарту олардың кірісіне және тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін екенін түсінеді. Әсіресе, дамушы елдердегі көптеген компаниялар экологиялық таза технологияларға жылдам көше алмайды.

Алдағы уақытта қандай өзгерістер болуы мүмкін

Bloomberg дерегінше, басқа банктер де климаттық міндеттемелерін қайта қарастыруы мүмкін. Әсіресе, экономикалық және саяси жағдай өзгермесе.

Бұған қоса, реттеушілер мен халықаралық ұйымдар «жасыл» инвестицияларды ынталандырудың жаңа механизмдерін әзірлеуге тырысуы ықтимал. Бірақ олардың тиімділігі белгісіз.

Сондай-ақ банктер климаттық бастамаларды ресми түрде қолдағанымен, нақты міндеттемелерден қашуы да мүмкін.

Қаржы секторы экология, тұрақты даму, климаттық өзгерістер саласын белсенді түрде қолдап келгенімен, бүгінде бірқатар қиындықтарға тап болуда. Саясат, экономика және заңдық тәуекелдер әсерінен банктер өз міндеттемелерін жұмсартып немесе олардан толықтай бас тартып жатыр.