ЕуроОдақ елдері қорғанысын күшейту үшін 800 млрд еуро бөлді

27 елдің көшбасшылары Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің ЕО қорғанысын нығайту бойынша ұсынысына келісті. Бірақ Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Украинаны қолдау бойынша жеке декларацияға қол қоюдан бас тартты. Бұл туралы Еуропалық Кеңес сайтында жазылған.
Еурокомиссия ұсынған басты идеяның бірі – құны 150 млрд еуро болатын жаңа қор құру. Оны ЕО бюджетінен қарыз түрінде алмақ. Еуропалық кеңес мүшелері бұл ойды бірден қолдап, «шұғыл түрде» қарайтындарын айтты. Олар «қорғаныс шығындарын айтарлықтай көбейту керек» деп есептейді.
Қордың қаржысын екі мемлекет қатар пайдалана алады. Нақты айтқанда, ол әуе қорғанысы, зымыран, дрондар және дрондардан қорғану, сондай-ақ артиллериялық жүйе үшін жұмсалуы керек.
Фон дер Ляйеннің сөзінше, бұл құрылғылар арқылы «мүше-мемлекеттер Украинаға көмегін едәуір көбейте алады». Қазір Трамп Украинаға көмекті уақытша тоқтатып қойғанда, Ұлыбритания мен Канада Киевке қалай қол ұшын созу мәселесін талқылап жатыр.
Венгрия неге қарсы болды?
Еуропалық кеңес талқылаған тағы бір құжат Украинаға қатысты. Одаққа мүше елдер Киевке қолдау білдірген арнайы декларация қабылдады. Ол жерде төмендегідей қағидаттар жазылған:
- Украина жайлы келіссөздер Украинасыз өтпеуі керек
- Еуропаның қауіпсіздігі бойынша келіссөздер Еуропаның қатысуымен ғана өтуі керек. Украина қауіпсіздігі, Еуропа, трансатлантикалық және жаһандық қауіпсіздік өзара байланысқан.
- кез келген бітім немесе атысты тоқтатуды жан-жақты бейбіт келісімге апаратын процестің бір бөлігі деп қабылдау қажет
- кез келген келісімде ресейлік агрессияны тоқтатып, Украина қауіпсіздігіне кепілдік берілуі керек
- әлем Украинаның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығын сыйлауы тиіс
Еуропа елдері арасында Кремльге ең жақын деп есептелетін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан бұл құжатқа қолын қоймады. Ол Брюссельді «АҚШ-тың тәсіліне сүйеніп», Кремльмен тікелей келіссөздер жүргізуге шақырды.
Бұл уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясында АҚШ делегациямен келіссөздер жүргізуге дайындалып жатыр. Кездесуде екі елдің ынтымақтастығы және бейбітшілік орнату мәселелері талқыланады.